Қазақстанда тері өңдейтін 6 ғана зауыт бар. Олар еліміздегі аяқкиім шығаратын фабрика мен цехтарға 20 пайызға жетер-жетпес шикізат ұсына алады.
Мамандар былғары өңдеу саласын дамыту үшін мемлекеттік қолдау керегін, 5000 терінің ішінен әрі кетсе 2500-і ғана жарамды шығатынын айтады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі
"Тері өндірісіне ешқандай қолдау жоқ"
"Атамекен" Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасы Жаңақорған аудандық филиалының директоры Асылжан Жолдасбеков тері өңдеу саласымен айналысып отырған кәсіпкерлердің мұң-мұқтажын тыңдап көрген.
- Алматы, Тараз, Шымкент қалаларында іссапармен болдым. Әуелі Алматымен іргелес Көкөзек ауылындағы тері өңдеу зауытының жұмысымен таныстым. Бұл жерде 200-ге жуық адам жұмыс істейді екен. Шикізат Алматының айналасындағы ауылдардан, Түркістан облысы және Солтүстік өңірлерден қабылданады. Дайын өнімді негізінен Алматы, Тараз, Ақтау, Қарағанды қалаларындағы мемлекеттік тапсырыстарды орындаушы фабрика, цехтарға жібереді. Онда етіктер (арнайы етіктер, әскери етіктер) тігіп шығарады. Бір айда 75000 дана мүйізді ірі қара терісін өңдеуге қауқарлы зауыттың қазіргі жұмыс жүктемесі 20-25%-ды құрап отыр.
Содан кейін Тараз қаласында орналасқан "ТаразКожОбувь" ЖШС тері өңдеу зауытына аялдадым. Мұнда аяқкиім шығаратын үлкен фабрика да бар. Жалпы өндіріс орны 1961 жылы құрылған. Жергілікті жерден жетпеген шикізатты өзге өңірлерден алады. Зауыт сиыр, қой терісін қабылдайды. Өндіріс басшысы Еркін Абдыбаев Кеңес заманында "ет комбинаттарында малды дұрыс соймағаны үшін жауапкершілік бар еді" деп терінің сапасыздығына тоқталды. Жеңілдік малға, етке, егістікке, жанар-жағармай, т.б. бар, ал тері өндірісіне ештеңе жоқ деп базынасын жеткізді, - дейді ол.
Мемлекеттік қолдау шынында керек. Бір ғана мысал, Түркия елінде бұл салаға ел билігі кеңінен жағдай жасағанын байқау қиын емес. Осы кезге дейін Қазақстанда былғары кластерінің дамымағанының бір себебі – осы. Жасыратыны жоқ, қазіргі күні малды көпшілігі үй жағдайында және асығыс сояды, сондықтан мал терісіне пышақ ізі түсіп, кесіліп кетіп жатады, оған қоса мүйізді ірі қараға тән оқыра ауруы белгілі бір пайызын тағы жарамсыз етеді. Мамандар 5000 терінің ішінен 2500-і ғана жарамды шығатынын айтады. Кәдеге жаратуға келетін бөлігін өңдеуге қыруар химиялық қоспа керек. Ал, олар шетелден келеді әрі бағасы да қымбат, салығы да бар.
Шикізат шетел аспаса...
- Шымкент қаласындағы "Turan Skin" ЖШС тері өңдеу зауытына да барып көрдім. Өндіріс орны 2001 жылдан бері жұмыс істейді. Қуаттылығына сай қазір 1 күнде 1000 теріні өңдеп, дайын өнім қылып шығарып отыр. Кезінде осы өндіріс орны дайын өнімді Қытай, Түркия, Италия, Пәкістан, Балтық жағалауы елдеріне экспорттаған. "Ол кезде күніне 1300-1500 дана шығаратынбыз" деді зауыт басшысы. Қазір зауытта 50 адам жұмыс істейді.
Зауыт мүйізді ірі қара, ұсақ малдардың терісін сапасына сай қабылдау үшін еліміздің әр өңірінде тері қабылдау пунктерімен, қоймаларымен жұмыс істейді. Мен жұмысымен танысқан 3 зауыт та алдағы уақытта іскерлік байланыс орнатып, білгендерімен бөлісетінін және сапаға сай келсе, шикізатты да қабылдауға келісетіндерін жеткізді, - деп жалғастырды сөзін Асылжан Әбдіманапұлы.
Маманның айтуынша, аталған зауыттың барлығы толық қуаттылықта, өз дәрежесінде жұмыс істемей тұр. Барлығында ұқсас жағдай бар. Сапалы шикізаттың тапшылығы, технологтың болмауы, осы сала бойынша жаңа буын жас мамандарды дайындау, т.с.с. Сондай-ақ, ол тері өңдеу саласын дамыту үшін бірнеше ұсынысын да ашық айтты. Оның ішінде шетелден әкелінетін тері өңдеуге арналған химиялық қоспаларға, құрылғыларға, т.б. қосымша заттарға кедендік БАЖ салығын алып тастау, малды арнайы қасапханаларда талапқа сай сою, малдарға оқыраға қарсы арнайы екпелерді, дәрі-дәрмектерді салып, оларды үнемі ветеринарлық бақылауда ұстау, Қазақстанда желатин өндіретін зауыт салу (жарамсыз теріні өткізу үшін) секілді орынды ұсыныстар бар.
Қызылорда облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы мамандарының дерегінше, облыста мал шаруашылығы шикізаттары – тері мен жүн өңдеу бағытында жұмыс істейтін кәсіпорын құру бойынша Моңғолияның осы саладағы жоғары тәжірибесімен алмасу, бірлескен жобаларды іске асыру мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Еліміздегі 6 тері өңдеу зауыты аяқкиім шығаратын фабрика, цехтардың 15-20 пайызының ғана қажеттілігін қамтамасыз етіп отыр, қалғанын шет мемлекеттерден алауға мәжбүр. Шикізаттың контрабандалық жолмен шетел асып кетіп жатқандары да кездеседі. Бірақ "шикізатты шетке өткізбейміз, өзіміз де дайын өнім шығарамыз" деген мақсат мал терісінің тау-тау болып үйіліп, жарамсыз қалуына әкеліп отыр.