Террористік ұйымдар жастарды әлеуметтік желі арқылы арбап жатыр – Сарапшы

Олай деуімізге БҰҰ санкциялық тізіміне енген "Катиба Таухид валь-Джихад" ұйымының Орталық Азиямен байланысы себеп.

Террористік ұйымдар жастарды әлеуметтік желі арқылы арбап жатыр – Сарапшы Фото: ҰҚК

Бұл туралы бізге Қызылорда облысы дін істері басқармасы "Дін мәселелерін зерттеу орталығының" бөлім басшысы Асхат Ерубай айтып берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Сириядағы соғыс кезінде құрылған "Катиба Таухид валь-Джихад" террористік ұйымының ықпалы Таяу Шығыспен шектелмеген болып шықты. Оның қаржылық байланыстары мен интернеттегі насихаты Орталық Азия елдеріне де тараған. Мамандар әсіресе әлеуметтік желі арқылы жүргізілетін радикалды үгіттің қаупіне назар аударып отыр.

– "Катиба Таухид валь-Джихад" ұйымы 2014 жылы Сирияда құрылған. Оның негізін Орталық Азиядан барған содырлар құраған. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі 2022 жылғы 7 наурызда ұйымды "Аль-Каидамен" байланысы үшін санкциялық тізімге енгізді. Ұйым адам тартумен, қару-жарақ жеткізумен және басқа террористік құрылымдарды қолдаумен айналысқан. БҰҰ-ның 2026 жылғы қыркүйекте жаңартылған мәліметінде оның құрамында шамамен 500 содыр бары көрсетілген, – дейді Асхат Ерубай.

Сарапшының айтуынша, аталған ұйымның әрекеті Орталық Азиядағы бірнеше қылмыстық оқиғамен байланыстырылады. Соның бірі – 2016 жылы Бішкектегі Қытай елшілігіне жасалған террористік шабуыл.

– Терроризмнің қауіптілігі қарулы шабуылмен шектелмейді. Оны қаржыландыратын, жаңа мүшелер тартатын, зорлық-зомбылықты ақтап көрсететін адамдар бар. Мәселен, 2023 жылы АҚШ пен Түркия осы ұйымға қаржылық қолдау көрсетуге қатысы бар екі адамға санкция енгізді. Қаражаттың қару-жарақ пен әскери жабдық сатып алуға жұмсалғаны анықталған. Сондықтан терроризмнің қаржылық арналарына тосқауыл қою да маңызды, – дейді маман.

Асхат Ерубай интернеттегі діни мазмұндағы ақпаратқа сын көзбен қарау қажеттігін де атап өтті. Оның сөзінше, радикалды ұйымдар діни ұғымдарды бұрмалап, жастарды өз қатарына тартуға тырысады.

– Өзбекстанда Telegram арқылы радикалды материалдар таратып, Instagram-да осы ұйымның өкілімен байланыс орнатқан азамат алты жылға сотталған. Ол кейін таныстарын Сириядағы қарулы топтарға қосылуға үгіттеген. Мұндай оқиғалар әлеуметтік желідегі насихаттың қаншалықты қауіпті екенін көрсетеді. Әсіресе, діни сауаты жеткіліксіз жастар жалған уағызшылардың ықпалына түсіп қалуы мүмкін, – дейді ол.

Сарапшы экстремизмнің алдын алуда діни сауат пен сыни ойлаудың маңызы зор екенін айтады.

– Жастар ақпараттың қайдан шыққанын, оны кім таратып отырғанын ажырата білуі керек. Діни ұғымдарды желеу етіп, адамдарды өшпенділікке, заңсыз қарулы әрекеттерге шақыруға жол беруге болмайды. Терроризмнің алдын алу үшін адамның санасына әсер ететін теріс идеологиямен де күресу қажет.

Террористік ұйымға адам бір күнде қосыла салмайды. Ешкім таңертең оянып, аяқ астынан отбасын, туған жерін тастап соғыс аймағына кетуге шешім қабылдамайды. Оған дейін адамның санасында белгілі бір өзгерістер жүруі мүмкін. Алғашқы қадам кейде жай ғана видео көруден басталады.

Діни сауаты жеткіліксіз адам интернеттен "дінді дұрыс түсіндіретін" адам іздейді. Бір уағыздан екіншісіне өтеді. Әлеуметтік желінің алгоритмі де оған ұқсас мазмұндарды қайта-қайта ұсына береді. Уақыт өте келе ақпараттық ортасы тарылады. Одан кейін "біз" және "олар" деген бөлу пайда болуы ықтимал, – деп сөзін түйіндеді Асхат Ерубай.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу