Терроризм туралы жалған хабарлама миллиондаған теңге зиян келтіреді

986

Терроризм актісі туралы  жалған хабарлама тарату қауіпті қылмыс болып саналады. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі экстремизмге қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Дархан Разуев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Терроризм туралы жалған хабарлама миллиондаған теңге зиян келтіреді

Дархан Разуевтің мәлімдеуінше, терроризм туралы жалған хабарлама қоғамдық қауіпсіздікке кері әсерін тигізеді. Мұндай әрекетке барған азаматтар заңмен қудаланады. 

"Терроризм туралы хабарлама түскен жағдайда адамдардың арасында үрей мен қорқыныш пайда болады. Мемлекеттік органдардың, кәсіпорындар мен мекемелердің жұмысына тосқауыл қойылады. Құқық қорғау органдары шынайы қауіптің болуы мүмкін екенін ескере отырып, тиісінше әрекет етеді. Адамдарды эвакуациялайды. Жедел қызметтер міндетті түрде оқиға орнына барады. Адамдар сыртқа шығарылады, ғимарат мұқият тексеріледі, жарылғыш затты іздеу және оның салдарын болдырмау үшін кезек күттірмейтін шара қабылданады", – деді экстремизмге қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары.

Оның сөзінше, осыған дейін болған барлық жағдайда жарылғыш зат туралы ақпарат расталған жоқ.

"Терроризм туралы жалған хабарлама полиция, ұлттық қауіпсіздік органдарының, өртке қарсы қызмет және медициналық жедел жәрдем қызметінің күш-құралдарын босқа жұмсауға әкеп соғады. Дәл осындай сәтте полицияның көмегі шын мәнінде қауіпті қылмыстың алдын алуға қажет болуы мүмкін. Біздің есептеуімізше, жалған хабарлама бойынша оқиға орнына бір рет баруға 200-300 мың теңгеге дейін қаражат жұмсалады. Ал ірі кәсіпорындардың жұмысы тоқтап қалғанда әрбір сағат сайын миллиондаған теңге зиян келеді", – деді Дархан Разуев.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу