Tesla 2022 жылдың екінші тоқсанында биткоиндерін 936 млн долларға сатып жіберді, деп хабарлайды inbusiness.kz корпорацияның мәлімдемесіне сілтеме жасап.
Компания басшысы Илон Масктың айтуынша, Қытайдағы пандемиялық шектеулердің қашан аяқталатынын айту қиынға соққандықтан және қолма-қол ақшадан керек болғандықтан компания осындай қадамға барған. Ол Tesla-ның болашақта биткоиндердің экспозициясын арттыру үшін ашық екенін мәлім етті. Сонымен қатар Маск компанияның бірде-бір DOGE-ін сатпағанын айтты.
Еске сала кетсек, 2021 жылдың ақпан айында Tesla 1,5 миллиард долларға биткоиндер сатып алып, криптовалюта бағасы шарықтаған еді. Кейінірек, бірінші тоқсанда компания Bitcoin позициясын 10%-ға қысқартты, салдарынан пайда көлемі 272 миллион долларға артты.
Компания өткен жылдың наурыз айында көліктерін биткоинге сата бастады. Бірақ алты апта өткеннен кейін Маск бұл бастамадан бас тартқан болатын.
Табиғат Нұрболат
Фото: realmsofdiscordia.com