Американың белді The New York Times басылымы 2017 жылы саяхаттау үшін туристерге 52 елдің тізімін ұсынды, оның ішінде 26-ыншы болып Қазақстан орналасқан, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.
Қазақ елінің тізімге енуіне биыл Астанада өтетін ЭКСПО Халықаралық көрмесі ықпал еткен. Басылым Қазақстан туралы берген мәліметтің тақырыбын "Мұнайлы мемлекеттен эко-бағытқа" деп атаған. The New York Times Боратты да тілге тиек еткен. "Борат туристік картаға белгілеп кеткен он жылдан кейін, Қазақстан Ұлы Жібек жолының мекені болуға ұмтылуда", – деп жазды олар.
Астанада қонақүйлердің бой көтеру қарқынын атап өткен газет, елорда энергетика саласындағы болашақ мәселелерді шешу мақсатында ағымдағы жылы "World Expo 2017" көрмесін өткізуге дайындық үстінде екендігін жазады.
Сонымен қатар, ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енген Қазақстанның Тянь-Шань таулары да айтылған. Еліміз туралы берілген ақпаратқа Алматы қаласында орналасқан шіркеудің суреті қойылған. Басылым туристерге таңдаған 52 мемлекеттің басында Канада, Чили, Үндістан, Швейцария, Боствана, Хорватия, АҚШ, Германия, Мексика елдері тұр. Ол осы елдерде 2017 жылы болатын қызықты әрі маңызды оқиғалар, сондай-ақ көруге тұрарлық табиғаттың көрікті жерлері туралы мәліметтер берген.