Тиімділігін көрсете алмайтын компанияларды неге жарылқай береміз? – Мақсат Толықбай

Бұл туралы пікірін депутат Мәжілістің жалпы отырысында айтты. 

Тиімділігін көрсете алмайтын компанияларды неге жарылқай береміз? – Мақсат Толықбай Фото: Мәжіліс

Мақсат Толықбайдың сөзінше, Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар кейбір әкімнің бизнес субъектісіне айналып кеткен, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты

– Мемлекет бизнесті қолдау ретінде 4,5 триллион теңге берген. 20 жылдай болды, санаулы компания бар, жыл сайын соларды сауықтыруға 100 миллиардтап қаржы беріп келеміз. Иә, жақсы істейтіндері алсын. Бірақ, тиімділігін көрсете алмайтын компанияларды неге жарылқай береміз, неге бақылау жоқ? Олар тауар көлемін қанша пайызға арттырды, қанша салық төледі? Жұмыс орнын қанша пайызға көбейтті? Комитетте талай айтылды, барлығы жасырын. Қаржы министрлігінен сұрасаң, ләм-мим демейді. Банкке сұрау салсаң, мемлекеттік құпия дейді. Біз біреудің қалтасындағы ақшаны есептеп жатқанымыз жоқ, – деп ашынды ол. 

Халық қалаулысы бұл салықтың ақшасы болғандықтан, әрбір тиыны экономикаға жұмыс істеуі тиіс екенін еске салды. 

– Талапты күшейтпесе болмайды, бақылау жоқ. Экономикаға оң әсері болмаса, кейбір компанияға тиімсіз шығысты тоқтату керек. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар кейбір әкімнің бизнес субъектісіне айналып кеткен. "Даму" қорымен төмен пайызбен несие беріп жатырмыз дейді, статистикасы қып-қызыл өтірік. 200 млрд теңге бөлінген. Бірақ, өтініш бергендердің 40 пайызы ғана несие ала алған. Жобалардың көбі формалды түрде жұмыс істейді. Бар қаржының өзі бизнеске кеш жетіп жатыр. Бизнесті қолдаудың бірыңғай терезесі туралы көптен беріп айтып келеміз. Сөз жүзінде бар, іс жүзінде жұмыс істемейді. Президент тапсырмасы неге орындалмады. Платформа неге жұмыс істемей тұр? – деп сұрақ қойды ол Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге.

Өз кезегінде вице-премьер eGov Business платформасы енгізілгенін сөз етті. 

– Қазіргі уақытта платформада бизнесмендерге 3 млн 500 мыңнан астам қызмет көрсетілді. Платформаға жеке кабинет арқылы 78 мыңнан астам бизнес өкілі тіркелді. Жұмыс басталып кетті. Енді оны ары қарай дамыту міндетіміз. Қазақстандағы бүкіл бизнеске мемлекеттік қолдау жасау мақсатымыз жоқ, – деп нақтылады ол.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу