Белгілі болғандай, өнер иесі ұлының тойын онлайн режимде тамашалағысы келетіндерге арнайы жабық телеграм-арна ашып, оған жазылу бағасын 1380 теңге деп белгілеген. Бұл – қазақ қоғамындағы алғашқы ақылы онлайн-той ретінде тіркеліп отыр.
Мемлекеттік кірістер комитетінің түсіндіруінше, Қазақстан заңнамасына сәйкес, кез келген тұлғаның салық міндеттемесі оның заңды мәртебесіне, таңдалған салық режиміне және табыс көзіне тікелей байланысты.
– Бұл жағдайда онлайн-тойға қатысу үшін ақы алу – кәсіпкерлік қызмет болып саналады. Егер ұйымдастырушы жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға ретінде тіркелген болса, ол бұл табысты заңда көрсетілген тәртіппен декларациялап, табыс салығын төлеуі қажет, – делінген комитеттің ресми жауабында.
Заңға сәйкес:
- Егер той ұйымдастырушысы шағын бизнес субъектісі ретінде арнайы салық режимін қолданса – 3% салық төлейді;
- Жеке кәсіпкер ретінде жалпы тәртіппен жұмыс істесе – 10% мөлшерінде табыс салығын төлейді;
- Ал заңды тұлға болса – табысының 20%-ын салық ретінде өтеуі тиіс.
Осындай салық салу тәртібі жалпы салтанатты іс-шараларды ұйымдастырумен айналысатын кәсіп иелеріне де қолданылады.
Бұл санатқа мейрамхана мен банкет залдары, асабалар мен әртістер, музыка және би ұжымдары, іс-шара аясында қызмет көрсететін өзге де кәсіпкерлер кіреді.