TikTok арқылы Англияға жұмысқа орналастырамын деп алдаған астаналық сотталды

429

Алаяқтың әрекетінен 10 адам зардап шегіп, шығын көлемі 1 миллион теңгеден асты.  

TikTok арқылы Англияға жұмысқа орналастырамын деп алдаған астаналық сотталды Фото: scam-detector.com

Астана тұрғыны TikTok әлеуметтік желісі арқылы Англияда жұмысқа орналастыруға көмектесемін деген желеумен азаматтарды алдап, олардың ақшасын иемденгені үшін сотталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Тергеу мәліметінше, күдікті әлеуметтік желіде шетелге жұмысқа орналастыру туралы жарнама жариялап, азаматтармен хат алмасу барысында қызмет көрсететіндей әсер қалдырған. Ол жәбірленушілерге кеңес беріп, сауалнамаларды толтыруға бағыттап, кейін қызмет ақысы ретінде ақша аударуды сұраған.

Алайда қаражатты алғаннан кейін уәде етілген қызметті көрсетпей, ақшаны жеке қажетіне жұмсаған.

Алаяқтықтың салдарынан 10 азамат зардап шегіп, келтірілген материалдық шығынның жалпы көлемі 1 миллион теңгеден асты.

Елорда прокуратурасы қолдаған мемлекеттік айыптау нәтижесінде сот айыпталушыны кінәлі деп таныды. Оның кінәсін мойындауы, жасаған ісіне өкінуі, бұрын сотталмағаны және келтірілген шығынды толық өтеуі ескеріліп, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Сотталғанға пробациялық бақылау белгіленіп, тұрғылықты жері мен жұмыс орнын пробация қызметінің келісімінсіз өзгертуге, алкоголь өнімдері сатылатын ойын-сауық орындарына баруға тыйым салынды. Сонымен қатар түнгі уақытта үйден шықпау және жұмыссыз болған жағдайда тіркелу міндеті жүктелді. Тұрақты жұмысы немесе оқуы болмаған жағдайда жыл сайын 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тартылатын болады.

Астана қаласының прокуратурасы азаматтарды шетелде жұмыс іздеу кезінде сақ болып, мұндай қызметтерге тек ресми ақпарат көздері мен лицензиясы бар агенттіктер арқылы жүгінуге шақырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу