Мәжілісте дәл осылай деген Жанарбек Әшімжан депутаттық сауалын Премьер-министр Олжас Бектеновке жолданды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.
Халық қалаулысы адамзат баласын отырғызып-тұрғызған осы құбылыстың әсері әсірелеп айтқанда атом бомбасынан кем болмай тұрғанын жеткізді.
– Өткен жылы әріптесім Ерлан Сайыров TikTok платформасының қоғамдағы кері әсері туралы тиісті орындарға дабыл қағып еді, селт еткен жан жоқ.
Сенатор әріптесіміз Нұртөре Жүсіп "бұрын балалаларды "тәк-тәкпен" тәрбиелейтін едік, қазір TikTok-пен тәрбиелеп жатырмыз" деп еді мінбеден. Өлі тыныштық.
Сөз жоқ, қазір – ақпараттық ғасыр. Әлеуметтік желілер өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Пайдалы жағы да жоқ емес. Алайда, ұлттық тәрбие мен дәстүр-салтымыздың уықтарын талқандап, ақыл тоқтатпаған, жақсы мен жаманды әлі толық ажыратып үлгірмеген балалар мен жасөспірімдерді меңдуана жегендей меңіреу әлемге бастап бара жатқан жағдайдың алдын алмасақ опық жейміз, – деді ол.
Балалар мен жасөспірімдер арасында ТикТок-тың кеңінен танымал екені дәлелдеуді қажет етпейді. Тіпті, соңғы екі жылда 14,1 миллион қазақстандық тіркелген. Ол жерде жастарға теріс әсер ететін зиянды ақпараттар өріп жүргені жасырын емес. Депутаттың алаңдайтыны да – сол.
– Құмар ойындарды жарнамалау, стримдер арқылы әдепсіз әрекеттер көрсету, боқауыз сөздер, порнография, суицидке шақыру, діни уағыздардың оңды-солды таралуы, буллинг, тыйым салынған заттардың жарнамасы секілді теріс әрекеттерге шақыратын лас ақпараттар осы ТикТок арқылы таралуда. Жасөспірімдердің ТикТок-тан көргенін қайталап, жағымсыз қылық пен әдепсіз іске үйір болып бара жатқаны да жасырын емес.
Мәселен, "Мысық серуені" деп аталатын челленджді мыңдаған жас қайталаса, оған қатысушылар подиум моделіндей көшеде өтіп бара жатқан адамдардың алдында жүруі тиіс. Мән-мағынасы жоқ челлендждің қаралымы 500 миллионнан асқан.
Екі жастың біріне келмеген қыздарымызды бөксемен билеуге шақырып, арнайы үйрену үлгілерін ұсынып жатқан контенттер саңырауқұлақтай қаптады.
Расында, қазіргі таңда ұрпақ тәрбиесімен тікелей әлеуметтік желілер айналысуда. Соның салдарынан ұлттық құндылықпен сусындамаған жас ұрпақ өсіп келеді, – деп ашынады Жанарбек Әшімжан.
Сөз соңында депутат "осы қауіп-қатерді ескеріп, шектеу қою немесе ондағы контентке бақылауды күшейтуді қолға алу керек" деп есептейді.
Сондықтан, Үкіметке ондағы әдепке, ұлттық құндылықтарға, дәстүріміз бен салтымызға қайшы келетін, балалардың санасын улайтын, теріс әдеттерге шақыратын барлық контентке шектеу қою шараларын қолға алуды ұсынады.
Сондай-ақ, "елімізде ТикТок-ты кәмелеттік жасқа толмаған балалардың пайдалануына қатаң шектеу қою немесе мүлдем тыйым салу тетіктерін қарастыру керек" деп санайды.