Байқау шарты бойынша еліміздің түкпір-түкпіріндегі оқытушылар платформада өз пәні туралы шығармашылық және танымдық бейнероликтер жариялап, #ҚазақстанМұғалімдері хэштегін қоюы тиіс. Байқауға TikTok-та аккаунт ашуға дайын немесе аккаунты бар барлық мектеп мұғалімдері шақырылып отыр. Бейнероликтер 6 қазан мен 1 желтоқсан аралығында өз пәнінің тақырыбы бойынша әр ұстаздың өз аккаунтында жариялануы қажет. Роликтің ұзақтығы - 30 секунд.
Жобаның ресми амбассадорлары TikTok-та танымал мұғалімдер: химик Ұлан Үсенов пен математик Данияр Сеңгірбай және мұғалімдер тобы.
TikTok-та өз жолын енді бастаған оқытушылар үшін арнайы вебинар өткізіледі. Онда платформаның барлық мүмкіндіктері мен қоғам назарын аударатын бейнелер жасау жолдары үйретіледі.
"Біздің елімізде пәндік сабақтарын, білім мен ғылымды ілгерілету үшін әлеуметтік желілер мен бейне платформаларды қолданатын көптеген педагогтар бар. Осының арқасында онлайн-форматта елдің әр түкпірінен келген пайдаланушылар жаңа білім алады. TikTok жетекші платформасының өкілдері біздің педагогтардың бастамаларын бағалап, қазақстандық мұғалімдер үшін конкурстар ұйымдастыратыны қуантады. Бұл TikTok алаңында білім беру контентін бірлесіп ілгерілету үшін қосымша ынталандыру болады", – деп атап өтті Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз хатшысы Мөлдір Абдуалиева.
Байқау соңында әділқазылар "Ең креативті мұғалім", "Жаңа мұғалім", "Үздік бейнеролик" номинациялары бойынша жеңімпаздарды анықтайтын болады.