TikTok-тағы заңсыз контент үшін 9 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды

397

Олардың арасында тікелей эфирде электрошокер қолданып, адам ұрлау көрінісін ұйымдастырған азамат та бар.  

TikTok-тағы заңсыз контент үшін 9 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды Фото: polisia.kz

Қазақстан Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желілерде құқыққа қайшы контент таратқан тоғыз авторды әкімшілік жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

ІІМ мәліметінше, азаматтар әлеуметтік желілерде лайк, қаралым және донат жинау үшін балағат сөздер айтып, әдепсіз әрекеттер көрсетіп, қауіпті пранктер ұйымдастырған. Кейбірі адамдарды қорлап, тікелей эфирлерде қоғамдық тәртіпті бұзған.

Мәселен, Астананың 37 жастағы тұрғыны TikTok-та тікелей эфир кезінде балағат сөздер айтып, заңсыз контент таратқан. Оған ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік айыппұл салынды.

Алматыда 32 жастағы ер адам тікелей эфир барысында балағат сөздер айтып, айналасындағыларды қорлаған. Сот шешімімен ол бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Шымкентте 20 жастағы азамат аудиторияның назарын аудару үшін тікелей эфирде электрошокер қолданып, адам ұрлау көрінісін әдейі ұйымдастырған. Сондай-ақ эфир кезінде балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті өрескел бұзғаны үшін сегіз тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Жамбыл облысында тағы бірнеше әлеуметтік желі қолданушысы құқыққа қайшы контент таратқаны үшін жауапкершілікке тартылды. Олардың арасында тікелей эфирде балағат сөздер айтқан және донат жинау мақсатында бір-біріне әдейі дене жарақатын салып, "хайп" жасаған азаматтар бар.

ІІМ мұндай әрекеттердің, әсіресе кәмелетке толмағандарға кері әсер ететінін атап өтті. Ведомство әлеуметтік желілердегі құқық бұзушылықтарды анықтау жұмыстарын жалғастыратынын мәлімдеді.

"Заң мен Тәртіп" қағидаты цифрлық кеңістікте де сақталуға тиіс. ІІМ құқық бұзушылардың жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін барлық қажетті құралдардың бар екенін ескертті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу