Мәжілістің жалпы отырысында жаңа Конституция жобасы қаралды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Қазіргі қолданыстағы кеңестік дәуірдің иісі кетпеген Конституция 1991 жылдан басталса, ал жат тілде емес, жатық тілде қазақы жазылған жаңа Ата заң Ұлы Дала елінің мыңжылдық тарихынан тамыр тартып тұр. Конституцияның жаңа мәтінінің басты ерекшелігі – адам құқықтарының басты орынға шығуы. Ата заңның негізгі ерекшеліктерін атасақ, Бір палаталы парламент құруды бүкіл еліміз бірауыздан қолдап отыр. Пропорционалды сайлау жүйесі алдымен ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан аса маңызды", – деді Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса.
Депутат жаңа Ата заң жобасын қолдап отыр.
"Жаңа Конституциядағы Ұлттық заңдардың халықаралық шарттардан жоғары тұруы – бұл бұрын болмаған, ел үшін ерекше маңызды бап. Бұл – халықаралық міндеттемелерден бас тарту емес, оларды ұлттық мүдде сүзгісі арқылы іске асыру. Көптеген мемлекеттерде халықаралық шарттар автоматты түрде емес, ұлттық Конституцияға сәйкестігі тексерілгеннен кейін ғана қолданылады. Бұл – құқықтық егемендік, нақты басқару тетігі", – деп атап өтті ол.
Қазыбек Иса осы Парламентте қазақ тілі үшін күрескенін тілге тиек етті.
"Қазір парламент 90 пайыз қазақша сөйлейді. (...) Қазіргі геосаяси ахуалдың күрделігі сондай: тіл мәселесі қауіпсіздік факторына айналды. Бүгінгі әлемде ол ішкі саясаттан шығып, геосаяси құрал мен ықпал болып тұр. Сондықтан, өкінішке қарай, тілге қатысты кез келген қатаң шешім сыртқы күштерге ақпараттық және саяси манипуляция жасауға дайын аргумент болмақ. Тіл мәселесінің байыптылығы тұрақтылықты сақтайтын механизм қызметін атқаруда. Сондықтан бұл мәселеге біз байсалды байыппен, салмақты сабырмен қарауымыз керек", – деді мәжілісмен.