Қазақстан Ұлттық Банкі 26 тамыздан бастап TILASHAR коллекциялық монеталарын сатылымға шығарады, деп жазады inbusiness.kz Ұлттық Банкке сілтеме жасап.
Коллекциялық монеталар – "Қазақстанның әдет-ғұрыптары, ұлттық ойындары" сериясының жалғасы.
Монеталар номиналы 500 теңгелік күмістен, 100 теңгелік мельхиордан және 100 теңгелік нейзильберден жасалған.
Ұлттық Банктің хабарлауынша, күміст, мельхиор, нейзильберден жасалған монеталардың бет жағы және сырт келбетіндегі бейнелер бірдей. Күміс монеталарды жасауда түрлі-түсті эмаль жағу технологиясы, мельхиордан жасалған монеталарда интерференциялық құбылмалы бет қабатын жағу технологиясы қолданылған.
"Монетаның негізгі бетінде (аверсінде), орта тұсында ою-өрнек үстінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы, жиегінде QAZAQSTAN RESPÝBLIKASY • REPUBLIC OF KAZAKHSTAN деген жазу, төменгі жағында монета номиналын білдіретін сандар орналасқан. Монеталардың екіші бетінде (реверсінде) мектеп атрибуты элементтері бар балалар суретінің бейнесі берілген, сонымен бірге, монета жасалған металдың сынамасы мен массасы, соғылған жылы көрсетілген. Күмістен жасалған монеталар кәдесый орамында мемлекеттік тілде, орыс және ағылшын тілдерінде ҚҰБ-тың нөмірлік сапа сертификатымен шығарылады", – деп жазылған ақпаратта.
TILASHAR коллекциялық монеталары Қазақстан теңге сарайында дайындалыпты.