Тимур Құлыбаев халықаралық Олимпиада Комитетінің президентімен кездесті

1108

Ресми кездесу XVIII жазғы Азия ойындарының астанасы Джакарта қаласында өтті.

Тимур Құлыбаев халықаралық Олимпиада Комитетінің президентімен кездесті

Қазақстан Олимпиадалық комитетінің басшысы Тимур Құлыбаев Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті Томас Бах мырзамен кездесті. 

Ресми кездесу XVIII жазғы Азия ойындарының астанасы Джакарта қаласында өтті. Бұл туралы Қазақстан ұлттық олимпиада комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.  

Спорттық ұйым басшылары әріптестікті нығайтуға қатысты маңызды мәселелерді талқылап, 2020 жылғы Токио олимпиадасына дайындық кезеңін әңгімеледі. 

Азия Олимпиадалық Кеңесінің Орталық-Азия аймағы бойынша вице-президенті саналатын Тимур Құлыбаев әлемдік олимпиада қозғалысындағы аймақтың рөлі артып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, кездесу барысында допингке қарсы саясат пен "таза" спортшыларды қорғауға қатысты сұрақтарға баса назар аударылды. 

Қазақстан ҰОК президенті ҚР спорт туралы заңына өзгертулер енгізіліп, ұлттық федерацияларға басымдық берілгеннен кейінгі алғашқы жартыжылдықтың нәтижелерімен бөлісті. 

"Қазақстан ҰОК олимпиадалық спорт түрлері бойынша ұлттық федерацияларды саралау жүйесіне сәйкес жоспарлы және мақсатты түрде дамытуды бастады. Жаңа заң қабылданғаннан кейінгі жарты жыл ішінде өзгерістер тек біздің ұйымға ғана емес, Қазақстандағы барлық олимпиадалық қозғалысқа әсер етті. Бүгінде федерациялар өз спорт түрлеріндегі мәселелерге тікелей араласып, спортшылардың дайындығын бақылайды. Біздің негізгі мақсатымыз – Қазақстан құрама командаларына теңдей және сапалы жағдай жасау. Бұл ұзаққа созылатын іс, десе де, заң қабылданып, алғашқы қадам жасалды. Жұмыс жаңа сипатқа ие болды. Келешекте нәтижесін көретінімізге сенімдімін", - деді Тимур Құлыбаев. 

Томас Бах мырза Қазақстан ҰОК президентінің ұлттық федерациялардың рөлін арттыру жөніндегі бастамасын толығымен құптап, елімізде спортта дамытуға жасалған қадамдардың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті Қазақстан ХОК-тың халықаралық бағдарламаларына белсенді қатысатынына назар аударды. 

Кездесу барысында 6-18 қазан аралығында Буэнос-Айресте (Аргентина) өтетін жасөспірімдердің жазғы Олимпиада ойындарына Қазақстан спортшыларының қатысуы туралы мәселелер талқыланды. Аталған дүбірлі додада алпысқа жуық жас атлет спорттың 18 түрінен Қазақстан намысын қорғайды. Одан бөлек, Халықаралық Олимпиада комитеті "Олимпизмді іске асыру" халықаралық Олимпиадалық форумын өткізеді. Аталған форумға әлемдегі спорттық ұйымдардың басшылары, спортшылар, БҰҰ көшбасшылары, мемлекет қайраткерлер мен тағы да көптеген тұлғалар қатыспақ. Форум Олимпиадалық қозғалыс пен спортты әлемді жақсартудың құралына айналдыруға қатысты сұрақтарды ортаға тастайтын пікірталас алаңы болмақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу