Тимур Құлыбаев ХОК комиссиясы мен ҰОКҚ атқарушы комитетінің отырысына қатысуда

722

Жиын барысында комиссияның 2018 жылғы жұмысы қорытындыланып, ХОК пен БҰҰ әріптестігі жөніндегі маңызды мәселелер кеңінен талқыланды. 

Тимур Құлыбаев ХОК комиссиясы мен ҰОКҚ атқарушы комитетінің отырысына қатысуда

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Тимур Құлыбаев қызмет бабымен Швейцарияның Лозанна қаласында жүр. Ол Халықаралық Олимпиада комитетінің қоғаммен байланыс және спорт арқылы әлеуметтік даму жөніндегі комиссиясының отырысына қатысты. Сондай-ақ, Ұлттық Олимпиадалық комитеттер қауымдастығы атқарушы комитетінің отырысына қатысуда, деп хабарлайды olympic.kz.

Жұмыс сапары 19-20 қаңтар күндері өткен ХОК комиссиясының отырысынан басталды. Комиссия жұмысын ХОК президенті Томас Бах пен комиссия жетекшісі Марио Песканте ашты. Одан бөлек, былтыр құрамға енген комиссияның бес жаңа мүшесі көпшілікке таныстырылды. Олар: Иван Дибос (Перу), Луис Мехиа (Доминикан Республикасы), Әл-Сауд Фахад бин Джалави бин Абдулазиз ханзада (Сауд Арабиясы), Шейх Әл Тани Джоаан бин Хамад бин Халифа (Катар), Пабло Салазар (Колумбия).

Жиын барысында комиссияның 2018 жылғы жұмысы қорытындыланып, ХОК пен БҰҰ әріптестігі жөніндегі маңызды мәселелер кеңінен талқыланды. Атап айтар болсақ, босқындар Олимпиадалық қорының қызметі, Оңтүстік және Солтүстік Корея олимпиадалық командаларының бірігуі, БҰҰ агенттіктерімен әріптестік, бұқаралық спортты дамыту мәселелері сөз болды. Бұл бағыттағы жұмыс одан әрі жалғасын таппақ.

2018 жылы Аргентинаның Буэнос-Айрес қаласында ІІІ Жасөспірімдер Олимпиадасы аясында өткен Олимпизмді жүзеге асыру туралы бірінші форум да комиссия назарынан тыс қалған жоқ.

Екі күндік отырыс комиссияның алдағы міндеттері мен келер жылғы жоспарларын талқылаумен аяқталды.

Бүгін, 21 қаңтар күні Лозаннада Ұлттық Олимпиадалық комитеттер қауымдастығы атқарушы комитетінің 77-ші отырысы басталды. Айта кетелік, Қазақстан ҰОК президенті жақында Токиода өткен ҰОКҚ XXIII бас

Ассамблеясында 24 адамның қатарында Атқарушы комитет мүшесі болып сайланған еді.

Жиын барысында ҰОКҚ бас хатшысының, ХОК комиссиясы мен Атқарушы комитет мүшелерінің баяндамасы тыңдалады. Сондай-ақ, өткен жылдың қаржылық есебі ортаға салынбақ. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе – ағымдағы жылдың қазан айында Сан-Диегода (АҚШ) өтетін ҰОКҚ бүкіләлемдік жағажай ойындарын ұйымдастыру. Одан бөлек, ҰОКҚ Атқарушы комитетінің мүшелері ХОК Олимпиадалық ынтымақтастық бағдарламасы бойынша қорытынды есепті тыңдайды.

Комиссия отырысы күні бойы жалғаспақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу