Тимур Сүлейменовтың сөзінше, әлемде инфляциялық қысым күшейе түсуде, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Сыртқы проинфляциялық тәуекелдер артты. Таяу Шығыстағы шиеленістің тоқтамауы әлемде инфляциялық қысымды күшейтіп, тауар мен қаржы нарықтарындағы құбылмалылықты еселеп тұр. Осы жағдайда Еуропа Орталық банкі мен Федералды резерв жүйесін қоса алғанда, бірқатар жетекші орталық банк ақша-кредит саясатын қатаңдатуға көшті, – деді ол.
Ұлттық банк төрағасы азық-түліктің әлемдік бағасы өсіп келе жатқанына да тоқталды. Қыркүйек айында ФАО азық-түлік бағасының индексі бір айда 1,5 пайызға және жылдық мәнде 5,8 пайызға өсті. Астық, өсімдік майы мен қант бағасында да өзгеріс байқалды.
– Қыркүйекте Ресейдегі инфляция 6,4% болды. Ресей Банкі орнықты инфляциялық қысым күшейгенін атап өтті. Осы жағдайда реттеуші қыркүйек айында ақша-кредит саясатын іске асыруда сақтықты ұстанып, негізгі мөлшерлемені 14% деңгейінде қалдырды. Еуропа одағында инфляция қыркүйек айында энергия көздеріне баға өскен тұста 3,8%-ға дейін жеделдеді. Инфляциялық қысымның күшеюіне байланысты Еуропа Орталық банкі "қыркүйек айында пайыздық мөлшерлемені 25 базалық тармаққа көтеріп, инфляцияны 2% нысаналы дәлізге қайтару керек" деген ұстанымын растады. АҚШ-та да инфляция 3,7 пайызға дейін жеделдеді. Энергия көздері, соның ішінде ең алдымен бензин бағасының өсуі айтарлықтай үлес қосты. Қыркүйекте АҚШ Федералды резервтік жүйесі инфляциялық қысымды одан әрі тежеу қажет екенін атап өтіп, мөлшерлемені 25 базалық тармаққа көтерді, – деді Ұлттық банк басшысы.
Бүгінде әлемдік мұнай нарығында жағдай белгісіз күйде тұр. Brent маркалы мұнайдың 1 баррелі 100 АҚШ долларынан жоғары деңгейде қалыптасты.