Тимур Сүлейменов: Халықаралық резервтер 104,7 млрд долларға жетті

61

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов 2024 жылғы қаржы-экономикалық жағдайға қатысты негізгі мәліметтермен бөлісті.  

Тимур Сүлейменов: Халықаралық резервтер 104,7 млрд долларға жетті Фото: Санат Имангалиев

Оның айтуынша, Үкіметпен бірлескен жүйелі жұмыстың арқасында былтыр 9,8% болған инфляция биыл 8,6%-ға дейін төмендеді, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

- Қазақстанның халықаралық резервтері $104,7 млрд болды. Бұл — жаһандық тұрақсыздық жағдайында ел экономикасы үшін сенімді қорған. Соның ішінде алтын-валюта резервтері 45,8 млрд долларға дейін өсіп, бір жылда 27,5%-ға артты. Ал Ұлттық қор активтері 58,8 млрд долларды құрады, - деп жазды Сүлейменов Facebook парақшасында.

Оның айтуынша, қордағы валюталық портфельдің кірістілігі 7,6%-ға жетіп, қаражат елдегі маңызды инфрақұрылымдық жобаларға бағытталды. 2024 жылдың өзінде осы мақсатқа 238 млрд теңге жұмсалған.

БЖЗҚ зейнетақы активтері де 25,9%-ға өсіп, 22,4 трлн теңгеге жетті. Инвестициялық табыс — 3,4 трлн теңге. Бұл — өткен жылмен салыстырғанда екі есе жоғары. Зейнетақы активтерінің кірістілігі 17,8% болды.

Сүлейменов цифрлық қаржы инфрақұрылымын дамыту — Ұлттық банк үшін басым бағыттардың бірі екенін атап өтті.

- Қолма-қол ақшасыз төлемдердің 90%-ы Ұлттық банктің төлем жүйелері арқылы жүзеге асады. Мемлекеттік қаражатты тиімді және ашық жұмсау үшін цифрлық теңге платформасында пилоттық жобалар қолға алынған. Сондай-ақ телефон нөмірі мен QR-код арқылы жасалатын аударымдарға арналған банкаралық жүйе іске қосылып, оған барлық банктер қосыла бастады, - деді ол.

Ұлттық банк төрағасы цифрлық қаржы активтерін құқықтық тұрғыда реттейтін заңнамалық негіз қалыптастырылып жатқанын айтты. Биыл бірқатар пилоттық жоба іске қосылмақ. Мысалы:

  • Қымбат металдардың цифрлық баламасын шығару — инвестицияға кең қолжетімділік береді;

  • Дебиторлық берешекті қауіпсіз ету (факторинг) — ШОБ-қа айналым капиталын тартуға жол ашады;

  • Теңгемен қамтамасыз етілген стейблкоин — цифрлық операциялар үшін қауіпсіз төлем құралы болуы мүмкін.

Мемлекет басшысы Ұлттық банк төрағасына мынадай міндеттер жүктеді:

  • инфляцияны төмендету;

  • резервтерді ұлғайту;

  • қаржы жүйесіне сенімді арттыру;

  • цифрлық инфрақұрылымды және қаржы активтерін құқықтық реттеу жүйесін дамыту.

Сүлейменовтің айтуынша, бұл бағыттағы жүйелі жұмыс алдағы уақытта да жалғасады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу