Тимур Сүлейменов инфляцияның баяулауына әсер еткен факторларды айтты

315

Маусымдағы айлық инфляция 0,8% болды. 

Тимур Сүлейменов инфляцияның баяулауына әсер еткен факторларды айтты Фото: Sputnik / Санат Имангалиев

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов жылдық инфляцияның тоғыз ай қатарынан баяулауына әсер еткен негізгі себептерді атады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Оның айтуынша, маусымда жылдық инфляция 10,3%-ды құрады. Мамырда бұл көрсеткіш 10,4% болған. Осылайша, бағаның өсу қарқыны тоғыз ай қатарынан төмендеп келеді.

Маусымдағы айлық инфляция 0,8% болды. Ал маусымдық факторларды есепке алғандағы базалық инфляция 0,9%-ды құрады.

Ұлттық банктің мәліметінше, инфляцияның баяулауына ақша-кредит саясаты, теңгенің нығаюы, халық сұранысының тұрақтануы және Үкімет пен Ұлттық банктің инфляцияға қарсы шаралары әсер еткен.

– Маусымда азық-түлік инфляциясы 10,4%-ға дейін төмендеді. Ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсімі қатарынан үш ай бойы өзгерген жоқ. Бұған БЖЗҚ-дағы жинақты жеткіліктілік шегі көтерілмей тұрып шешіп алуға байланысты уақытша сұраныс әсер еткен болуы мүмкін. Ал теңгенің нығаюы импорттық тауарлардың бағасын тежеуге ықпал етіп отыр, – деді Тимур Сүлейменов.

Оның сөзінше, инфляция баяулағанымен, бұл үрдістің тұрақты болатынын алдағы айларда ғана бағалауға болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу