Тимур Сүлейменов ҰЭМ ұжымына вице-министрлерді таныстырды

629

Тимур Сүлейменов ҰЭМ ұжымына вице-министрлерді таныстырды

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов министрлік ұжымына жаңадан тағайындалған бірінші вице-министр Руслан Дәленов пен вице-министр Ернар Бәкеновті таныстырды, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

Тимур Сүлейменов тағайындалған орынбасарлар өздерінің жинақтаған барлық тәжірибесін, білімі мен кәсіби машығын жаңа лауазымдағы жұмысында тиімді пайдаланатынына сенім білдірді.

Руслан Дәленов пен Ернар Бәкенов үкімет пен Ұлттық экономика министрлігі басшылығына көрсеткен сенімі үшін алғыс айтты. Алдағы бірлескен нәтижелі жұмысқа сенімділік пен ел экономикасын жақсарту үшін еңбек етуге дайын екенін білдірді.

Руслан Дәленов мемлекеттік кіріс және қаржы министрлігінде жетекші маман, бөлім бастығы, басқарма бастығының орынбасары, басқарма бастығы, департамент директоры болып жұмыс істеді. Бұл тағайындауға дейін Дәленов 9 жылдан астам уақыт Қазақстан қаржы вице-министрі қызметін атқарды.

Ернар Бәкеновтің мемлекеттік қызметте 20 жылдық еңбек өтілі бар, мемлекеттік кіріс министрлігі кеден комитетінің кедендік рәсімдеуді бақылауды ұйымдастыру бөлімінің жетекшісі, бас инспекторы, бастығы қызметін атқарған, "Сауда саясатын дамыту орталығы" АҚ Сыртқы сауда саясаты және сауданы дамытуды талдау департаментінің бас сарапшысы, директордың орынбасары, директоры болып жұмыс істеді. Кейінгі уақытта Ұлттық экономика министрлігі халықаралық экономикалық интеграция департаментінің директоры қызметін атқарды.

Руслан Дәленов пен Ернар Бәкенов үкіметтің 2017 жылдың 21 сәуіріндегі №217 және №218 қаулысына сәйкес вице-министр болып тағайындалды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу