Қазіргі реакторларда штаттан тыс жағдайдың пайда болу ықтималдығы өте төмен. Бұл туралы "Қазақстандық атом электр стансалары" компаниясының басшысы Тимур Жантикин айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сарапшы АЭС салу мәселесі 90-жылдардан бері қарастырылып келе жатқанын жеткізді.
"Қазір энергия тапшылығы және жұмыс істеп тұрған қуаттардың тозу көрсеткіші артқан жағдайда қайтадан өзекті болып отыр. Бұл жерде атом электр стансалары әлемдегі ең қауіпсіз әрі ең сенімді энергия көздеріне жататынын атап өткен жөн", - деді "Қазақстандық атом электр стансалары" компаниясының басшысы.
Тимур Жантикиннің сөзінше, III және III+ буындарының су-су реакторлары ең қолайлы болып таңдалды.
"Мұндай реакторларда бір-бірін бірнеше дүркін қайталайтын белсенді және пассивті қауіпсіздік жүйелері бар. Олар терең эшелондалған апатқа қарсы қорғаныс деп аталады. Қазіргі реакторларда штаттан тыс жағдайдың пайда болу ықтималдығы өте төмен. Бірақ ондай жағдайда да қауіпсіздік жүйелері оның ықтимал салдарын бейтараптандырады", - деп түсіндірді ол.
Бүгінде 4 әлеуетті жеткізуші шорт-тізімге енгізілді. Атап айтқанда, қытайлық CNNC компаниясы, Оңтүстік Кореяның KHNP компаниясы, ресейлік Росатом және француздық EDF компаниясы.