Tinder арқылы жас жігітпен танысып, 4 млн теңгесін сыпырып алған астаналық сотталып кетті

183

Бұл туралы Астана қаласының прокуратурасы мәлім етті.

Tinder арқылы жас жігітпен танысып, 4 млн теңгесін сыпырып алған астаналық сотталып кетті Фото: kaspersky.ru

Астанада интернет арқылы алаяқтық жасаған 20 жастағы қала тұрғынына үкім шықты. Ол танысуға арналған Tinder қосымшасына әйел адамның атымен "Нұрай" деп тіркеліп, өзінің Telegram аккаунтына сілтеме қалдырған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Telegram-да бейтаныс қыздың суретін қойып, жалған парақша ашқан. Содан кейін жәбірленушімен тілдесіп, кездесуге уәде беріп, әртүрлі сылтаулармен одан ақша сұрай бастаған. Қаскөйдің арам пиғылынан бейхабар жәбірленуші үш айға жетпейтін уақыт ішінде 4 млн теңгеден астам қаржысын аударған", – делінген хабарламада.

Сот айыпталушыны ақпараттық жүйе пайдаланушысына қатысты ірі көлемде жасалған алаяқтық үшін кінәлі деп таныды.

Қылмыстық жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлар – жасаған ісіне шын өкінуі, келтірілген мүліктік залалды өз еркімен өтеуі және ауырлататын мән-жайлардың болмауы ескеріле отырып, сот үкімімен оған 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, пробациялық бақылау белгіленді.

"Интернеттегі сенім үлкен шығынға әкелуі мүмкін. Виртуалды "таныстардың" арбауына түспеуге және сақ болуға шақырамыз", – деп ескертті прокуратурадан.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу