Елорда тұрғыны баласының еміне қаражат керек деген желеумен әріптестерін алдап, ақша жинап алған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Астанада полиция қызметкерлері 31 жастағы әйелді жеке пайдасы үшін әріптестерінің сенімін теріс пайдаланғаны үшін жауапкершілікке тартты.
Декреттік демалыста жүрген әйел басшысына хабарласып, баласы терезеден құлап, жансақтау бөлімінде жатқанын айтқан.
Әріптестері жанашырлық танытып, ем-домға көмек ретінде ақша жинап берген.
Алайда көп ұзамай шындық ашылды. Әріптестерінің бірі оның жұбайына хабарласқанда, ер адам баласының аман-есен екенін айтып, әйелінің айтқан сөзін жоққа шығарған.
Тексеру барысында әйелдің жиналған қаражатты жеке қажетіне жұмсағаны, соның ішінде Түркияға демалысқа барғаны анықталды.
Алаяқтық дерегі бойынша құқық қорғау органдары жедел тексеріс жүргізіп, күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғады.