"Тірліктің бәрі рәсуа болды": Жигули Дайрабаев қызылша өсіретін шаруалардың мұңын айтты

157

Қазақстанға жылына 550 мың тонна қант қажет.   

"Тірліктің бәрі рәсуа болды": Жигули Дайрабаев қызылша өсіретін шаруалардың мұңын айтты Фото: t.me/mazhilis_kz

Қазіргі таңда үш зауыт қана қант қызылшасын өңдеп жатыр. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев қант қызылшасы мәселесін көтерді.

"Қызылшаның жағдайы не болады? Осы мәселе он екі жыл болды жыр болып келе жатыр. Шаруа адамы ретінде қызылша өсіргендердің ешқайсысының да кінәсі жоқ қой. Биыл өте мықты өнім болды. Қазақшасын айтқанда, тірліктің бәрі рәсуа болып жатыр. Келесі жылы үш-төрт зауытты қалпына келтіріп, Жамбылдағы, Меркідегіні мемлекет тарапынан қосымша көмек болса беріп, Ақсу, Көксуды бәрін ретке келтіруге бола ма?", – деп сұрады депутат.

Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин бүгінгі таңда Ақсу, Көксу, Меркідегі үш зауыт қана қызылша өңдеп жатқанын айтты.

"Бәрінің есептегендегі көлемі 1 миллионға жетпейді. Жалпы айтқанда, миллион дейік. Бұл 100-120 мың тонна қант деген сөз. Қазақстанға 550 мың тонна қажет. Оның жартысы заңды тұлғалар, қалғаны жеке тұлғалар. Біз қазіргі уақытта қантқа тәуелдіміз. Бұл өте қауіпті жағдай. Келесі жылы 2025-2026 жылы үш зауытты жаңғыртамыз, осылайша тағы 500 мың тонна қосылады. (…) Бізге ең кем дегенде қосымша екі миллион тонна өңдеу керек. Оған инвестор іздеп жатырмыз. Бір инвестор табылды, тағы бірі қарастырып жатыр. Бұл да оңай емес. Зауыт салу үшін 500 млн-нан 1 млрд-қа дейін инвестиция керек. Инвестор келсе, біз де зауыт салуға дайынбыз. Бірақ зауыт салу үшін тағы да екі жыл қажет. Жасыратыны жоқ, келесі жылы қызылшаға арналған алаңдарды азайтамыз. Өзіміз қызылшаны импорттан аламыз", – деді ол.

Сөзінше, отандық өндірушілерді қолдау бағытында нақты шаралар әзірленіп жатыр.

"Қазір тапсырма бердік. Бүкіл мемлекеттік сатып алуда қант алатындар отандық қантты сатып алуы керек деген бағытта Үкіметтің қаулысымен өзгерістер жасадық. Тамақтану саласы, әскер, милиция болсын, қантты біздің отандық өндірушілерден алуы керек", – деді Серік Жұманғарин.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу