Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова жекеменшік мектептер мәселесі қалай шешілетінін түсіндірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"2025 жылға дейін жекеменшік мектептер республикалық бюджеттен қаржыландырылып келді. Бюджет кодексіне өзгерістер енгізілді. Әр баланың артынан жүретін қаржысы бар. Ол қаражат жергілікті атқарушы органдарға тиесілі. Сондықтан екі көзден қаржыландыру болмас үшін 2025 жылдан бастап жергілікті атқарушы органдардың қаржыландыруымен жүзеге асырылуы тиіс деген шешім шыққан. Маусым айында Қаржы орталығы өздерінің өтінімін ашуы тиіс болған. Соған сәйкес, барлық жекеменшік мектептер сол өтінімді толтыруы керек. Оны 60 күннің аясында қарастыру қажет. Бірақ маусым айында бұл өтінім ашылмаған, содан кейін оқу жылы басталып кеткен", – деді ведомство басшысы Мәжіліс кулуарында.
Оның сөзінше, министр лауазымына кіріскен кезде бірқатар жекеменшік мектеп басшыларымен жолыққанын айтты. Бұл мәселе Премьер-министрдің деңгейінде де көтерілген.
"Былтыр 745 жекеменшік мектеп мемлекеттік тапсырыс бойынша қаржы алған. Биыл 917 мектеп. Яғни, 149 жаңа білім ордасы жекеменшік мектеп ретінде тіркеліп отыр. Біз олардың барлық қаражатын егжей-тегжейлі, тиынына дейін есептедік. Яғни, қайсысы жергілікті әкімдіктердің тарапынан, қайсысы республикалық бюджеттен қарастырылатыны туралы шешім шығардық. Қазір пилоттық негізде бұйрық болады. Оған қол қойылғаннан кейін осы күндер ішінде қаржы түседі. Пилоттық жоба болғандықтан, біз әкімдіктердің де жауапкершілігін бекітсін деп отырмыз. Өйткені біз министр ретінде бекітіп берсек, әкімдер төлемей жүрсе, сондай мәселе болмасын деп әкімдіктер де осы бұйрыққа қол қойып жатыр. Біз өзіміз де уақыт сұрап отырмыз. Мемлекеттің барлық міндеттемелері орындалады", – деп атап өтті Жұлдыз Сүлейменова.
Ведомство басшысы осы тұста келесі бір мәселеге назар аударды.
"Жекеменшік мектептердің арасында зейнетақы қорына, МӘМС-ке қаржы бөлмеген фактілер кездескен екен. Мемлекет өзінің міндеттемелерін орындайды, бірақ жекеменшік мектептер де ұстаздар алдындағы еңбек заңдылығындағы міндеттемелерін орындауға міндетті", – деп қорытындылады ол.
Айта кету керек, бұған дейін депутат Асхат Аймағамбетов жекеменшік мектептер мәселесі неге ушыққанын түсіндіргенін жазғанбыз.