ТҚЖБ "Өз үйім" бағдарламасы бойынша мөлшерлемелерді төмендетті

1419

ТҚЖБ "Өз үйім" бағдарламасы бойынша мөлшерлемелерді төмендетті

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің "Өз үйім" атты жеке бағдарламасына қатысушыларға 2 шілдеден бастап займдарды 7% көлеміндегі жылдық мөлшерлемемен алуға мүмкіндік берілді, деп хабарлайды банктің баспасөз қызметі.
Бұдан бөлек, банк салымшылары үшін ең төменгі бастапқы жарна көлемі де төмендетілді.

2 шілдеден бастап "Өз үйім" бағдарламасының аясында алдын-ала тұрғын үй займын алу үшін шотта үй бағасының 20%-на тең соманың басын құрау жеткілікті болмақ. 
Бұған дейін "Өз үйім" бағдарламасының аясындағы несиелердің пайыздық мөлшерлемесі жинақ сомасына тәуелді еді. Шотында үй құнының 30%-ын құрайтын бастапқы жарнасы бар салымшы жылдық мөлшерлемесі 9,5% алдын-ала займнан үміткер атанатын. Ал депозитінде баспана бағасының 50%-ын жинаған клиент 7,5-8,5% аралығындағы мөлшерлемемен несие алуға құқылы болатын. 
3,5-5% мөлшерлемемен берілетін тұрғын үй займдарының шарттары өзгерген жоқ. Мұндай несиені ресімдеу үшін бұрынғыша клиентке Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі шотына үй құнының 50%-ын кемінде 3 жыл ішінде жинап, қажет бағалау көрсеткішіне қол жеткізу керек. 
Несиелендірудің ең жоғарғы мерзімі – 25 жыл. Ол таңдалған займ түріне байланысты анықталады. 
"Өз үйім" бағдарламасын Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 3 жыл бұрын мемлекеттік бағдарламаларға қолдау ретінде іске қосқан еді. "Өз үйім" жобасы банк салымшыларына құрылыс салушылар ұсынатын жаңа үйлерді нарықтағыдан төмен бағамен алуға мүмкіндік береді. Алматы мен Астанадағы 1 шаршы метрдің орташа құны – 260 000-290 000 теңге, ал аймақтарда 180 000-200 000 теңге. Біздің есепке сәйкес, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде шоттарына үй алуға қажет 20% көлеміндегі бастапқы жарнаны жинаған 45 000-дай салымшы бар. Біз қазір осы азаматтарға қолжетімді үй сатып алуға көмектесіп, оларды жаңа, жайлы және бағасы төмен пәтерлерге орналастыруды мақсат етіп отырмыз. Бұл бағдарлама аясында банк сенім білдіріп отырған клиенттерге ғана емес, елдегі жалпы құрылыс секторына қолдау білдіреді", - деп түсіндіріп өтті Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова. 
Осы жылы "Өз үйім" бағдарламасының аясында жалпы сомасы 45,8 млрд теңге болатын 3 885 пәтер сатылады деп жоспарланып отыр. Оның ішінде 623 пәтерді банк салымшылары үлескерлік құрылыс кезеңінде сатып алады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу