Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің 1,2 млн салымшысы мемлекет сыйлықақысын алды, яғни 2019 жылдың қорытындысы бойынша 38 млрд теңге түсті, деп хабарлады ТҚЖБ баспасөз қызметі.
"Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің 274 мыңнан астам клиенті 101 000 теңгені құрайтын ең жоғары мемлекет сыйлықақысына ие болды. 2019 жылы олар өз шоттарында 505 000 теңге, яғни 200 АЕК-ке тең қаражат жинады. Ал 200 айлық есептік көрсеткіштен жоғары ақша жинаған салымшылар сыйлықақы берілмеген жинақ бөлігі бойынша мемлекеттік сыйлықақыны 2020 жылдың қорытындысы нәтижесінде алады",– делінген хабарламада.
ТҚЖБ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, былтыр банкте 406 954 жаңа депозит ашылған.
Биылғы жылы ең жоғары мемлекет сыйлықақысының мөлшері 106 040 теңгені құрайды. Оны алу үшін банктегі шотыңызды бір жыл ішінде кем дегенде 530 200 теңгеге (200 АЕК) толтыру керек. Яғни орта есеппен салымшылар депозиттеріне ай сайын 44 000 теңгеден салып отыру керек.