ТҚЖБ видеоконсультация сервисін іске қосты

772

ТҚЖБ  видеоконсультация сервисін іске қосты

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі клиенттері видеобайланыс көмегімен кеңес ала алады, деп хабарлайды ТҚЖБ баспасөз қызметі.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 15 жылдық мерейтойы қарсаңында видеоконсультация атты жаңа сервисті іске қосты. Оның көмегімен банктің клиенттері видеобайланыс арқылы менеджерге хабарласып, депозит және несие, жаңа келісім-шарт бекітуге қатысты кеңес алып, шот бойынша көшірме ресімдеп, постдепозиттік операциялар жүргізіп, анықтамалар ала алады.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі менеджері жаңа қызметтің көмегімен кеңес беруден бөлек сайтпен, "ЖССБ 24" интернет-банкингімен және Baspana.kz жылжымайтын мүлік порталымен жұмыс жүргізуге көмектеседі. Бұл жағдайда клиент видеоқоңырау шалып, видеобайланыс операторына ашылған уеб-парақшаны бірлесіп пайдалануға рұқсат береді. Осылайша банк менеджері клиенттің іс-әрекетін бақылап, қажет болған жағдайда арнайы курсордың көмегімен қай беттерді ашу керек екенін көрсетеді. Алайда ол клиенттің компьютерінде өз бетінше қандай да бір операциялар жүргізе алмайды.

Видеобайланыс қызметі www.hcsbk.kz сайтында және Baspana.kz порталында қосылған. Оны қолдану үшін интернеті бар смартфон немесе компьютер қажет.

"Бүгін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне 15 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде банк процестерін цифрландыру бағытында үлкен жұмыстар атқарылды. Қазір смартфон немесе компьютердің көмегімен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі қызметтерін ала беруге болады. Бұл – біздің салымшылар үшін өзекті мәселе. Себебі баспаналы болсам деп бүтіндей бір отбасылар ақша жинайды. Енді кеңес алу үшін олардың бәріне бірдей банкке барудың қажеті жоқ. Ыңғайлы жерде бас қосып, банк менеджерімен видеоконференция орнатып, банк ұсынатын өнімдердің артықшылығымен танысып, ары қарай қаражат жинау үшін шот ашуға болады. Видео қоңырау шалу қызметін тестілеу кезінде 1 ай ішінде 680 адам осы байланыс түрін пайдаланып көрді. Сервис толыққанды іске қосылған соң күніне 100 шақты клиент қабылдаймыз деп жоспарлап отырмыз", - деп атап өтті Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Видео қоңырау шалу қызметін жұмыс күндері 9.00 мен 19.00 аралығында пайдалануға болады. Сенбі күндері оператор 9.00-ден 13.00-ге дейін жұмыс істейді.

Бұдан бөлек Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі клиенттері "ЖССБ 24" интернет-банкингінің көмегімен қашықтан қызмет ала алады.

Сондай-ақ банк балама төлем жолдарын да белсенді түрде дамытуда. Бұл клиенттерге Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің Қазпочта, Халық Банкі, E-gov порталы, Қазкоммерцбанк, Каспий банк, Центр Кредит, Qiwi, Pay point төлем терминалдары секілді серіктестерінің қызметін пайдаланып, үйден немесе жұмыстан алысқа бармай-ақ депозит толықтырып, несие өтеуге мүмкіндік береді ҚТҚЖБ клиенттері үшін ақша аудару комиссиясы 0 теңгені құрайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу