ТҚЖБ "Жас отбасы" жаңа тұрғын үй бағдарламасын іске қосты

2114

Жас отбасылар баспананы тиімді шарттармен ала алады.

ТҚЖБ "Жас отбасы" жаңа тұрғын үй бағдарламасын іске қосты

"Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ ("Бәйтерек" холдингінің еншілес ұйымы) 1 шілдеден бастап отбасын жаңадан құрған жанұяларға тиімді шарттармен пәтер алуға мүмкіндік беретін "Жас отбасы" жаңа тұрғын үй бағдарламасын іске қосты.

"Жаңа бағдарлама бойынша несие мөлшерлемесі жылдық 6%-ға тең, яғни, "Нұрлы жер" бағдарламасы ұсынатын мөлшерлемеден 1% ғана жоғары. Бұл тек алғашқы екі жылдағы мөлшерлеме көлемі, ал одан кейін ол 5% дейін төмендейді",– деп хабарлады банктің баспасөз қызметі.

Бағдарламаға қатысу үшін ерлі-зайыптылардың бірі немесе екеуі "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде" "Жас отбасы" депозитін ашып, бір жыл ішінде болашақ пәтерлерінің 50% жинап, бағалау көрсеткішінің "5-ші" деңгейіне жетуі керек. Депозитті ашар кезде, олардың некеге тұрған мерзімі 3 жылдан аспауға тиіс (некеге тұру туралы куәлікке сәйкес). Қаражатты жинақтау кезінде оған жылдық 2% көлемінде банк сыйақысы мен 20% мөлшерінде жыл сайынғы мемлекет сыйлықақысы (200 АЕК-тен аспайтын сомаға есептелінеді) түседі. Ерлі-зайыптылар депозитті әрқайсысы өз атына ашып, кейіннен шоттарды "Отбасылық пакетке" біріктіру арқылы екі есе көп мемлекет сыйлықақысын алуларына да болады.

"Жас отбасы" бағдарламасының тағы бір артықшылығы – оған қатысу барысында ерлі-зайыптылардың жас мөлшері мен отбасындағы балалар санына назар аударылмайды. Бағдарлама шарттарына сәйкес, жас отбасылар пәтерді жаңа және қолданыстағы үйлерден ала алады. Немесе жер телімін сатып алып, үй салуларына да болады. Оларға займ 6 жылдан 9 жылға дейінгі мерзімге беріледі.

"Әрбір жас отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартып, өзінің жеке баспанасы болғанын қалайды. Жыл сайын Қазақстанда орта есеппен 152 мыңнан астам адам некеге тұрады. Статистикалық көрсеткіштерге сүйенетін болсақ, отбасының жеке баспанасының болмауы көп жағдайда олардың ажырасып кетуіне себеп болуда. ""Жас отбасы" - жақында ғана отбасын құрып, өз арманын жүзеге асырғысы келетіндер үшін тамаша мүмкіндік", – деп атап өтті "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің" Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу