Мәжіліс "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдерін бағалау халықаралық орталығын құру туралы келісімді ратификациялау туралы" заң жобасын қабылдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты
Келісімге мемлекет басшылары 2023 жылғы қазан айында қол қойған.
"Орталықты құруға Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Қаржы барлау бөлімшелері басшыларының кеңесі бастама жасады. Келісім Тәуекелдерді бағалау халықаралық орталығын құруды көздейді, Ресей тарапы оның операторы және үйлестірушісі болады. Орталық қорғалған ақпараттық жүйе ретінде жұмыс істеп, ТМД елдерінің қаржылық барлау бөлімшелері арасында тиімді мемлекетаралық өзара іс-қимылды, ортақ ақпараттық ресурстарды қалыптастыруды және тәуекелдердің ұлттықтан жоғары деңгейде бағалануын қамтамасыз етеді.
Орталықтың маңызды міндеттерінің бірі – ақшалай қаражаттың транзиттік қозғалысын, активтердің түпкілікті орналастырылуын, сондай-ақ алаяқтық, бюджет қаражатын жымқыру, салықтық қылмыстар мен сыбайлас жемқорлық қылмыс түрлері бойынша мәліметтер алмасуды қамтамасыз етуді қоса алғанда, трансшекаралық қылмыстық топтардың қызметін талдайтын болады", – деді Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов.
Оның айтуынша, орталықтың қызметін енгізу трансшекаралық схемаларды анықтау және жолын кесу тиімділігін арттыруға, ТМД мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, қаржылық барлау органдары арасында жедел ақпарат алмасуға, сондай-ақ заңсыз шығарылған қаражатты қайтаруға ықпал ететін болады.
"Бұл жүйе тек ашық дереккөздерден алынған ақпаратпен толықтырылады, ал құпия немесе қолжетімділігі шектелген деректермен алмасу көзделмейді. Бүгінде келісімді Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан ратификациялады", – деді агенттік өкілі.