Құжат тараптарды тиісті аумақтарда санитарлық қорғау бойынша қажетті шараларды жүргізуге міндеттейді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Құжат Достастық елдерінің аумағына жұқпалы аурулардың әкелінуі мен таралуының алдын алуды, сондай-ақ халықтың денсаулығына қауіпті тауарларды әкелу мен сатуды реттейді.
"Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің аумақтарын санитариялық қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге 11 қатысушы елдің 8-і қол қойды. Келісім аса қауіпті аурулардың төтенше жағдайлармен байланысты инфекциялық аурулардың әкелінуі мен таралуының алдын алу жөніндегі келісілген іс-шараларды жүргізуді көздейді. Бұдан басқа Келісім халықтың денсаулығы үшін ықтимал қауіпті және төтенше жағдайлардың туындау мүмкіндігімен байланысты тауарлардың әкелінуі мен айналымын болдырмауға бағытталған. Аса қауіпті инфекциялық аурулардың әкелінуі мен таралуынан туындаған мәселелер бойынша Тараптардың өзара іс-қимылын үйлестіру ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлерінің кеңесіне жүктеледі", - деді заң жобасын таныстырған Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.
Оның айтуынша, ТМД-ға мүше елдердің аумағына әкелінетін барлық тауар санитарлық-эпидемиологиялық және гигиеналық талаптарға сай болуы тиіс.
"Талаптарға сәйкес келмейтін өнім анықталса, тараптар оның импортын шектеуге құқылы", - деп түсіндірі ведомство басшысы.