Министрдің айтуынша, ТМД кеңістігінде сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдету мақсатында қызметтердің еркін саудасы, инвестицияларды құру, қызмет көрсету және жүзеге асыру туралы келісім жобасында жұмысты жандандыру туралы шешім қабылданды.
"Дәстүр бойынша сұрақтардың үлкен бөлігі мәдени-гуманитарлық салаға арналды. Бұл достастық алаңындағы ең қарқынды дамып келе жатқан бағыттардың бірі. ТМД-да қабылданған "Бір жыл – бір тақырып" формуласына байланысты достастық шеңберінде тақырыптық жылдар туралы мәселеге баса назар аударылды. 2024 жылды еріктілер қозғалысы жылы, 2025 жылды Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 80 жылдығы және нацизмге қарсы күрестегі бейбітшілік пен бірлік жылы, 2026 жылды денсаулық сақтау жылы деп жариялау туралы шешім қабылданды", – деді ведомство басшысы.
Бұдан бөлек қалыптасқан дәстүр бойынша ТМД-ның мәдени астанасы мәртебесіне ие болған кезекті қала да белгілі болды.
"Ресей Федерациясының ұсынысы бойынша және басқа елдердің қолдауымен 2023 жылы Санкт-Петербург қаласы болады. Интеграциялық өзара іс-қимылдың мәдени құрамдас бөлігінің айрықша рөлін атап өтіп, ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің мүшелері Қазақстанның бастамасымен мәдениет саласындағы ынтымақтастықты дамыту туралы мәлімдеме қабылдады. Саммиттің тағы бір құжаты – мемлекет басшыларының климаттық саладағы ынтымақтастық туралы мәлімдемесі", – деді ол.
Мұхтар Тілеуберді саммитте қауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударылғанына да тоқталды. Мемлекет басшылары 2023-2025 жылдарға арналған терроризм мен экстремизмге қарсы күрестегі ынтымақтастық бағдарламасын бекітті.
"Қазақстан Президентінің бастамасы бойынша ТМД-да байқаушы және серіктес мәртебесін құру туралы құжаттарды дайындау жұмыстары басталады. Бұл достастық жұмысына басқа елдер мен халықаралық ұйымдарды тартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында ТМД адам құқықтары жөніндегі комиссиясы туралы жаңа ереже қабылданды", – деді министр.
Саммитте ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің сайлау органдары басшыларының консультативтік кеңесін құру туралы келісімге, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
Сондай-ақ Сергей Лебедев 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 3 жылдық мерзімге ТМД бас хатшысы етіп тағайындалды.
Айта кету керек, 2023 жылы ТМД-дағы төрағалық міндет Қырғызстанға беріліп, ұйымның кезекті саммиті Бішкекте өтеді.