Солтүстік Қазақстан облысында республикалық маңызы бар "Челябі–Новосібір" автожолының учаскесіндегі жөндеу жұмыстары әлі аяқталмаған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мамлютка қаласынан "Жаңа Жол" өткізу бекетіне дейінгі жолды жаңғырту жобасы 2017 жылы басталған. Алайда алғашқы мердігер міндетін орындамай, жоба бірнеше жылға созылып кеткен.
2023 жылы жобаға жаңа мердігер – КазСтройТехник тартылған. Компания жол құрылысын бір жыл ішінде аяқтауы тиіс болғанымен, жұмыс тағы кешіккен.
ҚазАвтоЖол облыстық филиалының директоры Талғат Смағұловтың айтуынша, қазір 30 шақырым учаскеде жұмыс жүріп жатыр. Жобаның жалпы құны 17,3 млрд теңгені құрайды.
Оның сөзінше, қазіргі уақытта 13,9 млрд теңге игерілген, ал биыл құрылысқа қосымша 3,4 млрд теңге бөлінген.
"ҚазАвтоЖол" мәліметінше, нысанды биыл толық пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Жалпы 2026 жылы өңірдегі жол инфрақұрылымын жаңғыртуға 59 млрд теңге бөлініп, 424 шақырым жол жөнделмек.