Тоғызқұмалақ федерациясының президенті сайланды

135

Бұл туралы федерацияның баспасөз қызметі мәлім етті.

Тоғызқұмалақ федерациясының президенті сайланды   Фото: baq.kz

Республикалық Тоғызқұмалақ Федерациясы президенті болып Әкім Тұрсұн сайланды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ал бұған дейін республикалық федерацияны басқарған қоғам қайраткері Әлихан Бәйменов ұйымның Құрметті президенті болып бекітілді. Сонымен бірге Бәйменов Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ Федерациясы президенті қызметін жалғастырады.

Астанада өткен республикалық федерацияның жиынында Әлихан Бәйменов осы күнге дейін Республикалық Тоғызқұмалақ Федерациясы вице-президенті қызметін атқарған Әкім Тұрсұнды федерация басшысы қызметіне ұсынды. Отырысқа қатысқан өңірлік федерация жетекшілері, тоғызқұмалақ қайраткерлері және Федерация басшылық құрамы ұсынысты қолдап, Тұрсұнды ҚР Тоғызқұмалақ Спорты Федерациясы президенті лауазымына сайлады.

Айта кету керек, Әлихан Бәйменов республикалық федерацияны 2004-2025 жылдар аралығында басқарды. Сондай-ақ бұл басқосуда Федерацияның вице-президенттері лауазымына Батырбек Құлекеев, Шолпан Қадырова, Мақсат Шотаев, Дәулет Әбдікәрімов сайланды. Мақсат Шотаев вице-президенттікпен бірге Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ федерациясында бас хатшы қызметін атқарады. Бұл ретте, федерацияның құрметті президенті, президент, вице-президент және бас хатшы қызметтері қоғамдық негіздегі жұмыс. Ал ҚР Тоғызқұмалақ Спорты федерациясы PR директоры лауазымына журналист Ришат Асқарбекұлы тағайындалды.

Отырыс барысында Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ Федерациясының президенті Әлихан Бәйменов жиналғандарға 2024 жылы атқарылған жұмыстар мен шаралардың есебі бойынша ақпарат берді.

– Өткен жыл ұлттық зияткерлік ойынның ерекше даму жылы болғанын және 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойыны елдегі тарихи оқиғалардың бірі екенін атап өтті. Бұл жылы дәстүрлі жүздеген шарамен қатар тың және ірі жаңалықтар мол болды, – деп атап өтті ведомство.

Бұл шаралар Дүниежүзілік және Қазақстан Тоғызқұмалақ федерациясы мен өңірлердегі тоғызқұмалақ федерацияларының, ҚР Туризм және спорт министрлігінің, Оқу -ағарту министрлігінің, Спортты қолдау қорының және жергілікті әкімдіктердің, спорт басқармаларының тығыз әріптестігімен тоғызқұмалақ жанашырлары демеуші кәсіпкерлердің қолдауы арқасында жүзеге асырылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу