Шымкентте тойхана залына кіргізілген жылқы малына қатыгездік танытқан тұрғындар анықталды, деп хабарлайды Inbusiness.kz Рolisia.kz-ке сілтеме жасап.
Қалалық полиция департаментінің қызметкерлері әлеуметтік желілерді мониторингілеу барысында орамалмен көзі байланған атты баспалдақтан төмен түсіруге әрекеттеніп жатқан ер адамдар туралы видеоны байқағандарын мәлімдеді.
Тексеру нәтижесінде бұл жайт 8 қазан күні Абай ауданындағы мейрамханалардың бірінде сүндет той кезінде болғаны анықталды.
"Жылқының иесіне қатысты тәртіп сақшылары ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 407-1 бабы ("Жануарларға қатыгездік көрсету") бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Тәртіп сақшылары жануарларды ұстау кезінде оларды ұрып-соғуға, азаптауға, жануардың өліміне, жарақаттануына әкеп соқтыруы мүмкін зорлық-зомбылыққа жол берілмейтінін ескертеді", - делінген хабарламада.