Тойхана сауда орталығына айналды

928

Зәулім ғимараттар бос тұрмасын деп, оны ел игілігіне айналдыру мақсатындағы жұмыстар басталып кетті. 

Тойхана сауда орталығына айналды

Тараз қаласындағы "Аяулым" мейрамханасының орнынан "Дәмді себет" сауда орталығы ашылды. 

Жаңа жұмысын бастаған сауда орталығына келушілердің қарасы қалың. Ондағы азық-түлік бағасы да нарық бағасынан төмендеу екені байқалады. Жамбыл облысы әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтың айтуынша, қазіргі таңдағы пандемиялық ахуалға байланысты мейрамханалар мен ресторан бизнесі тоқтап тұр. Бұл көптеген кәсіпкерлерді табысынан қақты. 

"Олардың банктер алдында берешектерінің барын ескеріп, одан шығу жолдарын ұсынудамыз. Мәселен, Тараз қаласында мұндай 67 мейрамхана бар екен. Өз ғимаратын "Дәмді себет" сауда орталығын жасауға жалға беріп отырған бірден-бір мейрамхана – "Аяулым". Ол бұрын тойхана, бір жағы ресторан еді. Енді азық-түлік дүкеніне айналды. Бұл – Тараз қаласында ғана жалғасып жатқан іс-шара емес, Қазақстан бойынша қолға алынған бастама", – деді ол. 

Сауда орталығы операция залының директоры Шолпан Олжабекқызы мұнда 5 мың тауар түрі өткерілетінін жеткізді. Сонымен бірге бір затқа бір зат қосып беру акциясы екі аптада бір өткізу жоспарланыпты. Кейбір азық-түлік бағалары 10-30 пайызға жеңілдетілген. Жалпы сөрелерге қойылған өнімнің басым бөлігін отандық тауарлар құрайды. Сондай-ақ мұнда сауда желісінің өз наубайханасы, торт пісіру цехтарының өнімдері де саудаланады.  

"Аяулымда" талай рет тойда болып едік. Бұл жерге қолы жеткендер ғана той жасайтын. Енді, міне, сауда орталығы болып, кәсібі қайта жаңғыруда. Өзім осы маңда тұрамын. Үйдің қасынан "Дәмді себет" сауда орталығының ашылғанына қуанып жүрміз. Ондағы азық-түлік бағасы өзге сауда нүктелеріне қарағанда қолжетімді", – дейді Тараз қаласының тұрғыны Смайыл Иманбеков. 

Әсел Мұратбекқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу