Екі жыл бұрын әлемдік ІТ нарыққа 30 миллион маман керек еді. Бүгінде бұл қажеттілік 100 миллионға жетті. Ал 2025 жылға қарай 200 миллионға дейін артады. "Digital Bridge 2022" халықаралық технологиялық форумының пленарлық отырысында Мемлекет басшысы уақыт өткен сайын бұл көрсеткіш өсе беретінін, сәйкесінше кәсіби мамандарға деген сұраныс өте жоғары болатынын атап өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Біз бұл сын-қатерді жақсы түсінеміз. Сондықтан 2025 жылға қарай кем дегенде 100 мың жоғары білікті ІТ маман даярлау міндетін қойдық",- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы мақсатқа қол жеткізу үшін елімізде бейінді университеттер өңірлік жоғарғы оқу орындарын қамқорлығына алған, грант арқылы оқыту кеңейіп, 12 жеке меншік IT-мектеп ашылған.
Президент, сондай-ақ, өзінің АҚШ-қа сапарында "Digital Nomads" IT-қауымдастығындағы қазақстандық жастармен кездесуін еске түсірді. Еліміздің жастары АҚШ, Еуропаның ірі компанияларында жұмыс істеп жүргенін және жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті екенін баса айтты.
"Қазіргі таңда Қазақстанда да халықаралық деңгейдегі өнімдерді жасауға қабілетті талантты адамдар аз емес. Сондықтан Үкіметке келесі міндеттер қойылады: бір жағынан, жастар қай жерде жұмыс істесе де, оларға қолдау көрсету керек, ал екінші жағынан, оларды еліміздегі цифрландыру ісіне барынша араластыру қажет",- деді Президент.