Климат жөніндегі дүниежүзілік саммитте сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік дағдарыс туралы айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Бүгінде жер шарындағы халықтың тең жартысы климаттың өзгеруі жоғары дәрежеде әсер ететін өңірлерде өмір сүріп жатыр.
Шағын аралдардағы мемлекеттерге, теңізге шығатын жолы жоқ дамушы және дамуы кенжелеп қалған елдерге зор қауіп төніп тұр.
Қазіргі геосаяси тұрақсыздық және энергетикалық қауіпсіздіктің болмауы да климат мәселесіне назар аударуды қиындатып отыр",- деді Қазақстан Президенті.
"Қазақстан болашақ ұрпақ үшін қоршаған ортаны сақтауға бағытталған нақты шаралар қабылдау жөніндегі БҰҰ-ның көкейтесті үндеуін толық қолдайды.
Сондай-ақ, Тоқаев Қазақстан Париж келісімін ратификациялаған аймақтағы бірінші ел екенін және 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын қабылдағанын алға тартты.
"Қазақстанның жаңа Экология кодексі ұлттық экономикамыздың әрбір секторында "жасыл" технологияларды кеңінен қолдануға ықпал етеді.
Елімізде жел мен күн энергиясын пайдалану, сондай-ақ "жасыл" сутегін өндіру үшін зор әлеует бар. Біз осы мүмкіндікті пайдалану мақсатында серіктестерімізбен арадағы тығыз ынтымақтастықты жалғастырамыз. Қазақстан – уран экспорттайтын әлемдегі жетекші мемлекет.
Бұл ретте еліміз дүниежүзі бойынша уранның 43 пайыз тасымалын қамтамасыз етеді. Біз жаһандық деңгейде электр энергиясын көміртегі қалдықтарынсыз өндіру ісінде шешуші рөл атқарамыз",- деді ол.