Тоқаев барлық облыс орталықтарына 5G енгізуді мерзімінен бұрын аяқтауды тапсырды

389

Осыған дейін облыс орталықтарын 5G желісімен қамту 2027 жылға дейін жүктелген болатын. 

Тоқаев барлық облыс орталықтарына 5G енгізуді мерзімінен бұрын аяқтауды тапсырды Фото: gov.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Digital Bridge 2023 форумының пленарлық отырысында баяндама жасады, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

"Ұлттық статистика бюросын нағыз цифрлық ведомствоға айналдыратын маңызды реформаны жүзеге асыру керек. Статистикалық және басқа да деректерді ретке келтіру үшін кешенді шаралар қабылдау қажет. Оның ішінде басқару саясатын әзірлеу, деректердің мақсатты архитектурасын анықтау мәселесін назардан тыс қалдырмаған жөн. Бұл мемлекеттің тиімді шешімдер қабылдауының негізгі шарты болады. 5G желісін кең көлемде енгізу инновацияның дамуына тың серпін береді", - деді Президент.

Оның сөзінше, бұл процесс елімізде қазірдің өзінде жүріп жатыр.

"2027 жылға дейін барлық облыс орталықтарын ұялы байланыстың жаңа буынымен қамту міндеті бұған дейін жүктелген болатын. Алайда технологияның қарыштап даму жағдайында біз де қарқынды арттыруымыз керек. Үкімет бұл жұмысты мерзімінен бұрын, яғни 2025 жылдың соңына дейін аяқтауы қажет. Әрине, мерзімнің өзгеруі көрсетілетін қызметтердің сапасына әсер етпеуге тиіс", - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мақсатқа жету үшін төменгі орбитадағы спутниктік жүйелердің мүмкіндіктерін пайдалана отырып, шалғай аудан тұрғындарын интернетпен қамтамасыз ету маңызды екенін баса айтты.

Мемлекет басшысы Үкімет бұл мәселені жан-жақты пысықтап, қажет болған жағдайда заңнамаға өзгерістер енгізуге болатынын да жеткізді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу