Тоқаев: Біз көлік бағдарын көбейтуге және логистиканы өзара ықпалдастыруға мүдделіміз

689

Соңғы 15 жылда Қазақстан көлік-логистика саласын дамытуға 35 млрд доллар қаржы бөлді.  

Тоқаев: Біз көлік бағдарын көбейтуге және логистиканы өзара ықпалдастыруға мүдделіміз Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымы саммитінде транзит-көлік коммуникациясының әлеуетін арттырудың маңыздылығына тоқталды,  деп жазады inbusiness.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Қазіргі алмағайып кезеңде транзит-көлік коммуникациясының әлеуетін арттыру және оның мүмкіндігін барынша пайдалану аса маңызды. Себебі, біздің мемлекеттеріміз Батыс пен Шығысты, Солтүстік пен Оңтүстікті тікелей байланыстырады. Бауырлас үш ел арқылы өтетін Транскаспий халықаралық көлік дәлізі – соның жарқын мысалы. Сондықтан, біз көлік-логистика саласына ерекше мән береміз. Соңғы 15 жылда Қазақстан осы саланы дамытуға 35 миллиард доллар қаржы бөлді. Біз көлік бағдарын көбейтуге және логистиканы өзара ықпалдастыруға мүдделіміз. Сол үшін 2025 жылға дейін тағы 20 миллиард доллар инвестиция тартуды көздеп отырмыз", - деп атап өтті Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев "түркітілдес халықтардың құрлық ішіндегі көлік-транзит дәліздерін дамытуы айрықша маңызды" деді.

 

"Бұл ретте, сіздерді осы бағдарды барынша пайдалануға шақырамын. Транзиттік және экспорттық мүмкіндіктерімізді одан әрі жетілдірген жөн. Әсіресе, шекара бекеттерін жаңғыртуымыз керек. Сондай-ақ, қолданыстағы теміржол және автокөлік бағыттарына балама жолдар табу үшін кешенді шаралар қабылдаған абзал. Бұдан бөлек, "цифрлық көлік жүйесін" қалыптастыру аса маңызды. Бұл қадам жүктерді рәсімдеу шараларын оңтайлы етеді. Оған қоса, тасымал құжаттарын жылдам алмасуға жол ашады, халықаралық нарыққа шығуға қосымша мүмкіндіктер береді", - деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек Президент Қазақстанның бастамасымен қабылданған "Түркі әлемінің келешегі – 2040" құжатын іске асыру үшін бүгін Түркі мемлекеттері ұйымының стратегиясы қабылданатынын атап өтті. Оның айтуынша, бұл құжат ұйымға мүше елдер арасындағы қарым-қатынасты күшейтуге және тұрақтылық белдеуін нығайтуға ықпал етпек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу