"Бізге сапалық тұрғыдан жаңа мемлекеттік басқарушылар керек. Мемлекеттік қызметшілерді іріктеу және жұмыстан босату жүйесін заман талабын ескере отырып, қайта жасау қажет. Мемлекеттік қызмет жеке сектордағы кәсіби мамандар үшін барынша ашық болғаны дұрыс. Кадрлық резервті нығайту керек", – деді Президент Жолдауында.
Мемлекет басшысы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі толыққанды стратегиялық HR институтына айналуға тиіс деп санайды. Сондықтан Үкіметке агенттікпен бірлесіп бүкіл әлемдегі қазақстандықтардың әлеуетін жұмылдыру үшін арнайы платформаны іске қосуды тапсырды.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев квазимемлекеттік сектордағы басқару ісінің тиімділігін арттыруға тоқталды.
"Бұл бағытта нақты жұмыс атқарыла бастады. Соны аяғына дейін жеткізу керек. Ол үшін "Самұрық-Қазына" қорының жаңа жұмыс үлгісін түпкілікті айқындап алу қажет. Әлемдегі ең үздік инвестициялық және өндірістік компанияларды үлгі ретінде алу керек. Мемлекеттік активтерді басқару ісі барынша ашық болуға тиіс. Үкімет жыл сайын Ұлттық баяндама әзірлеуді қамтамасыз етеді және оны Парламентке жолдайды", – деді Тоқаев.