Тоқаев депутаттарға бір ғана маңызды міндет жүктелетінін айтты

621

Мемлекет басшысы VIII сайланған ҚР Парламентінің алғашқы сессиясында заң шығарушы органның алдағы жұмысындағы басым бағыттарға тоқталды. 

Тоқаев депутаттарға бір ғана маңызды міндет жүктелетінін айтты Фото: akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев халық қалаулылары әрдайым өзгерістердің бел ортасында болу керек екенін атап өтті, деп жазады inbusiness.kz.

"Депутаттарға бір ғана маңызды міндет жүктеледі. Яғни, әрдайым өзгерістердің бел ортасында болу керек. Сіздер шешім қабылдайсыздар және сол үшін жұрт алдында жауап бересіздер. Халықтың мүддесін тиімді қорғау және еліміздегі өзекті мәселелерді шешуге атсалысу үшін азаматтармен тығыз қарым-қатынас орнату қажет", - деді Президент.

Мемлекет басшысы Парламенттің алдағы жұмысына қатысты өз ойын ортаға салды.

"Біріншіден, іскерлік белсенділікті ынталандыру қажет. Ол үшін, ең алдымен, әділ, тұрақты әрі ашық салық жүйесін қалыптастыру керек.

Салық саясатының жаңа моделі ұлттық байлықты тиімді бөлуді, экономикалық белсенділіктің жоғары деңгейі мен экономиканың басым бағыттарын нақты қолдауды қамтамасыз етуге тиіс. Салық кодексі және тұтас салық саясаты түсінікті, тұрақты болуы қажет. Фискальдық органдардың бизнеспен қарым-қатынасына қатысты бүкіл процесті толық цифрландыру керек. Бұл кәсіпкерлердің тіршілігін айтарлықтай дәрежеде жеңілдетуге және бюджет кірісін жүйелі түрде ұлғайтуға септігін тигізеді. Парламентте мемлекеттік бюджетке мол кіріс әкелетін корпоративтік табыс салығы мен қосымша құн салығына қатысты мөлшерлемелерді әртараптандыру мүмкіндігін талқылауға болар еді", - деді ол VIII сайланған Парламенттің алғашқы сессиясында сөйлеген сөзінде.

Президент заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойғанын, Үкімет пен Бас прокуратура жеке заң жобасын әзірлегенін еске салды. Ол Парламентке тиісті заңды жақын арада қабылдауды тапсырды.

"Бұл қаржы тек елімізді дамытуға жұмсалуы қажет. Аталған мәселе бюджет шығындарына да қатысты. Алайда бюджеттің жоспарлануы мен жұмсалуы көңіл көншітпейді. Мемлекеттік қарызды өтеу шығыны артып барады. Ұлттық қордан бөлінетін трансферт азаймай тұр. Барлық деңгейдегі бюджетті тиімді игеру проблемасы әлі де бар. Сондықтан бізге жан-жақты ойластырылған әрі теңгерімді бюджет саясаты керек. Биыл Парламент қарауына енгізілетін Жаңа Бюджет кодексінің жобасы аталған мәселелерді шешуге бағытталуға тиіс", - деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек ол Үкімет пен заң шығарушы орган туризмді дамыту мәселесіне назар аудару қажет екенін жеткізді. Ең алдымен, инфрақұрылым мәселесін кешенді түрде шешіп, қызмет сапасын түбегейлі жақсарту керек, деді ол.

"Тағы бір өзекті мәселеге назар аударғым келеді. Заңдар мен түрлі ережелерді әзірлеген кезде қаржы-өнеркәсіп топтары, ірі бизнес өкілдері шешім қабылдауға зор ықпал етеді. Ашығын айтсақ, бұл барлық елге, тіпті, дамыған мемлекеттерге тән жағдай. Бірақ, осы үдерісті қоғамнан жасырмай, заңмен реттеу керек, әйтпесе, жемқорлық белең алады. Өркениетті елдерде саясат жабық есік жағдайында астыртын жасалмайды. Сондықтан, лоббистік қызметті заңмен реттеудің және оған бақылау жасаудың халықаралық тәжірибесін зерттеу керек", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу