Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Евроньюс" тілшісі Галина Полонскаяға сұхбат берді. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли фейсбукте жазды, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.
Еуропалық ақпарат құралының өкілімен әңгімелесу барысында Мемлекет басшысы ел экономикасын декарбонизациялау және әртараптандыру жөніндегі жоспарлармен бөлісті. Энергетикалық теңгерімді сақтай отырып, экологияны қорғау мақсатында қабылданып жатқан шаралар жайында айтты. Сондай-ақ өзге елдермен экономикалық байланысты дамыту туралы баяндады. Сұхбаттың толық нұсқасы осы аптада Euronews телеарнасының эфирінен көрсетіледі.
"Біз экономикамызды декарбонизациялауға, әртараптандыруға, көміртекті емес секторды дамытуға аса жауапкершілікпен қараймыз. Ол үшін біздің дүниетанымымызға айтарлықтай өзгерістер қажет. Бұл әлемдік экономикалық дамудың ортақ тренді, Қазақстан да артта қалмайды. Біз қоршаған ортаны қорғауға аса бейілдіміз. Қазақстан өз энергоайналымында әлі де көмір қолданады. Алайда таяу болашақта оң қозғалыс болады деп ойлаймын", - деді Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.