Тоқаев фельдъегерлік байланыс туралы заңға қол қойды

891

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев фельдъегерлік байланыс туралы заңға қол қойды, деп хабарлайды inbusiness.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тоқаев фельдъегерлік байланыс туралы заңға қол қойды

Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік фельдъегерлік байланыс және ішкі істер органдары қызметінің мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойды.

Осыған дейін ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев заң жобасының мақсаты фельдъегерлік қызметтің құқықтық мәртебесін бекіту, ТМД елдері арасында фельдъегерлік байланыс тәртібін қалыптастыру, осы салада жұмыс істейтін қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелері үшін арнайы кепілдіктері бекіту болып саналатынын айтқан. Ол үшін республикалық бюджеттен 3 жылға 16 млн 842 мың теңге қарастырылған.

"Бұл қаржы қызмет бабында жоғарылау, әуе көлігімен міндетін атқарған кезде және жеке мүлікті тасымалдағаны үшін қызметкерлердің жалақысына қосымша ақы, жәрдемақы төлеуге бағытталған, әрі мемлекеттік наградалармен наградталған қызметкерлер жұмыстан босатылған кезде оларға 2 реттік жалақы мөлшерінде сыйақы төлеуге бағытталған. Сондай-ақ жұмыс орнын өзгерткен кезде олардың балаларын кезексіз балабақшаға орналастыру қарастырылады", - деді министр.

Фельдъегерлік қызметті ұйымдастыру жөніндегі уәкілетті орган премьер-министрдің кеңсесі болып саналды. Оның міндеттеріне үкіметтік курьерлік байланысты қамтамасыз ету, мемлекеттік органдардың аса маңызды және құпия хат-хабарларын тасымалдау, ТМД елдеріне арнайы поштаны жеткізу кіреді.

"Мұндағы қызметкерлер Ішкі істер органдарының кадрларында тұрады. Сондықтан ерекше киім-кешекпен, қарумен және арнайы құралдармен қамтамасыз етіледі. Алайда олар Ішкі істер органдарындағы қызметкерлер сияқты қылмысты ашу, тергеу функцияларын атқармайды. Осыған байланысты олар Ішкі істер органдарының құрамына және штат санына кірмейді", - деді Ерлан Тұрғымбаев.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу