Форум аясында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Samsung Electronics компаниясының корпоративті президенті Ин Йонг Ри IT мамандарды даярлау, бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу және ғылым саласында ынтымақтастық орнату мүмкіндіктерін қарастырды.
Сондай-ақ G42 компаниясының директоры Мансур Ибрагим әл-Мансуримен кездесуде ақпараттық технологиялар мен цифрлық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге баса назар аударылды. Қасым-Жомарт Тоқаев G42 жасанды интеллект, cloud инфрақұрылымы және Big Data салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру жоспарлары туралы мәліметтер алды. Мемлекет басшысы жасанды интеллект пен IT саласындағы адами капиталды дамыту еліміз үшін стратегиялық маңызы бар мәселе екенін атап өтті.
Сонымен қатар Президент Bharti Enterprises және OneWeb құрылтайшысы әрі төрағасы Сунил Барти Митталмен кездесті. Әңгіме барысында шалғай елді мекендерді интернетпен қамту үшін төмен орбиталы спутниктерді және жерүсті станциялар желісін пайдалану мәселелерін талқылады.