Беларусь Президенті Александр Лукашенко Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан ТМД бас хатшысы туралы ақпаратты неге жарияламағандығы туралы сұрады, деп жазады inbusiness.kz.
"Қасым-Жомарт Кемелұлы, бас хатшы туралы неге жарияламадыңыз? Бас хатшы сайланды, бірақ сіз хабарлаған жоқсыз", – деді Беларусь Президенті ТМД мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында.
"Александр Григорьевич, сіз қазір Төрағаны сынауды сүйікті ісіңізге айналдырғансыз ба? Біз шағын құрамдағы отырыста ТМД Атқарушы хатшысының лауазымын ТМД Бас хатшысы лауазымына қайта атау туралы мәселені талқылаған болатынбыз. Бұл мәселе бойынша сөйлеген сөзімде осындай ұсыныс білдірдім. Кеше АӨСШК атқарушы хатшысының лауазымын бас хатшы лауазымына қайта атау туралы шешім қабылдадық. Оған дейін ШЫҰ атқарушы хатшысының лауазымы да бас хатшы лауазымы болып өзгертілген болатын. Бұл атқарушы органның мәртебесін арттыруда маңызға ие", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кету керек, 2023 жылы ТМД елдер басшылары кеңесінің отырысы Бішкекте өтетінін жазған болатынбыз.