Тоқаев мұғалім тапшылығы туралы: Мектепке кез-келген адамды жұмысқа ала беруге болмайды

1396

Мемлекет басшысы ұстаздарға қойылатын талаптың жоғары болуы тиіс екенін айтты. 

Тоқаев мұғалім тапшылығы туралы: Мектепке кез-келген адамды жұмысқа ала беруге болмайды Фото: akorda.kz

Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған ҚР Парламентінің алғашқы сессиясында сөйлеген сөзінде мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz.

"Адам капиталының сапасын барынша арттыру керек. Бұл мәселе менің айрықша назарымда екенін білесіздер. Себебі, Қазақстанның басты байлығы – адам. Қарым-қабілеті зор, білімді азаматтар елімізді алға бастайды. Сол үшін білім беру жүйесін жан-жақты дамыту қажет. Соңғы жылдары мемлекет бұл салаға инвестицияны едәуір көбейтті. Балабақша тапшылығы біртіндеп азайып келеді", - деді Президент.

Оның сөзінше, барлық облыста мектеп салу, оны жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

"Оқу орындарын материалдық-техникалық жабдықтау ісі жанданды. Бірақ, мұның өзі жеткіліксіз. Білім сапасын, әсіресе, орта білімнің деңгейін арттыру үшін батыл шешім қабылдау қажет. Білім беру саласында ұстаз – ең басты тұлға. Оның қоғамдағы абырой-беделін арттыра беруіміз керек. Алайда, мұғалімдердің, директорлардың және педагогикалық оқу орындары түлектерінің көпшілігі Ұлттық біліктілік емтиханынан өте алмады. Маған кейбір тәжірибелі ұстаздар тиісті министрлік дайындаған тапсырмалар тым күрделі деп шағымданды. Бәлкім, оны жеңілдету, жетілдіру керек шығар. Бұл салада қатып қалған қатаң ереже болмауы керек", - деді ол.

Мемлекет басшысы ұстаздарға қойылатын талаптың жоғары болуы тиіс екенін жеткізді.

"Мұғалім тапшылығын желеу етіп, мектепке кез-келген адамды жұмысқа ала беруге болмайды. Мұндай әрекет ұстаздардың біліктілік деңгейін күрт төмендетеді. Сол себепті, мұғалім даярлау ісін жетілдіру үшін нақты шаралар қабылдау қажет. Бұл – өскелең ұрпақтың болашағына байланысты өте маңызды міндет.  Білім беру жүйесіндегі менеджментті жақсартуға баса мән берілуге тиіс. Осы салаға нағыз кәсіби мамандарды тарту қажет. Бізде Президенттік жастар кадр резерві бар. Дәл сол сияқты білім саласына өзгеріс әкелетін 1 мың маман арнайы дайындықтан өтетін болады. Осыған орай, тиісті бағдарлама қабылданады", - деді Тоқаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу