Тоқаев: Орыс тілі – мемлекеттердің достық қарым-қатынасына демеу болып отыр

559

Мұны ешкім жоққа шығара алмайды, деді Тоқаев.

Тоқаев: Орыс тілі – мемлекеттердің  достық қарым-қатынасына демеу болып отыр Фото: akorda.kz

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік "Известия"газетіне берген сұхбатында орыс тіліне қатысты халықаралық ұйым құру туралы шарт туралы айтты, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

"Бүгінде БҰҰ-ның ресми тілдерінің бірі саналатын әрі халықаралық тіл мәртебесіне ие орыс тілі – мемлекеттеріміз арасындағы достық қарым-қатынасқа демеу болатын ұйыстырушы фактор. Сондай-ақ өңірлік кооперацияны, ынтымақтастық пен өзара сенімді нығайтатын  пәрменді құрал рөлін атқарып отырғаны жасырын емес. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды деп ойлаймын", деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ, Тоқаев орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйым құру туралы бастама көтерген кезде әлемдік тәжірибені де басшылыққа алғанын айтты.

"Орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйым құру туралы бастама көтерген кезде мен әлемдік тәжірибені де басшылыққа алдым. Кезінде француз, неміс, испан және басқа да тілдерді дамыту үшін осындай халықаралық ұйымдар құрылған.

Мына нәрсеге баса назар аударғым келеді. Орыс тіліне қатысты халықаралық ұйым құру идеясы ТМД елдерінің, соның ішінде Қазақстанның мемлекеттік тіл саясатына балама жасау ниетінен  туған жоқ.  Ұйымның құқықтық субъект ретінде танылуы және оған ТМД-ға мүше емес өзге мемлекеттердің қосылуына ашық болуы маңызды", деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, биыл ТМД аумағында Орыс тілі жылы болып жарияланды. 

"Мұның символдық мәні зор. Санкт-Петербург Достастық елдерінің 2023 жылғы мәдени астанасы болды. Ол ТМД елдері арасындағы мәдени байланыстардың нығаюына зор үлес қосты. Бұл ретте екіжақты мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастар Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықтың маңызды  бағыты болып қала береді", деді Президент.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу