Тоқаев пен Мирзиёев Астанадағы Әлішер Науаи ескерткішін салтанатты түрде ашты

213

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті.

Тоқаев пен Мирзиёев Астанадағы Әлішер Науаи ескерткішін салтанатты түрде ашты Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы елорда төрінде ұлы ақын, көрнекті ойшыл Әлішер Науаидың еңселі ескерткішінің бой көтеруі, ең алдымен, қазақ жұртының өзбек халқына деген ерекше ықыласының белгісі екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

– Біз – ежелден еншісі бөлінбеген ағайын елміз. Жұртымызды біріктіретін ортақ құндылықтар көп. Тарихымыз бен тіліміз – тамырлас, дініміз – ортақ. Екі ел арасындағы бауырластық байланыстың өзіндік дәстүрі қалыптасқан. Бұл ретте Әлішер Науаидың алатын орны ерекше. Мұхтар Әуезов "Әлішер Науаи жалғыз өзбек әдебиетінің көлемінде қалған жоқ. Бертін келе Азиядағы, Шығыстағы көп елдің әдебиетіне әсер етті" деген. Біз ұлы ақынның мұрасын күллі түркі жұртының рухани қазынасы деп санаймыз, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы түркі әдебиетінің көкжиегін кеңейтіп, оны әлемдік деңгейге көтерген Әлішер Науаидың туындылары мен еңбектерін қазақ халқының көрнекті қайраткерлері жоғары бағалағанын жеткізді

– Біз Шоқан Уәлихановтың Әлішер Науаи шығармашылығын алғаш зерттеушілердің бірі болғанын мақтан тұтамыз. Ал ұлы Абай оны өзіне ұстаз санаған. Әлішер Науаидың өзіне тән қолтаңбасы, ойының тереңдігі және көркемдік шеберлігі күллі әлем ақындары мен жазушыларына шабыт сыйлады. Бұл үрдіс әлі де жалғасып келеді. Науаи соңында әдеби ғана емес, бай философиялық мұра қалдырды. Оның гуманистік идеялары әлемнің ақыл-ой қазынасында ерекше орын алады. Ойшылдың дүниетанымы мен терең көзқарасын айшықтайтын трактаттары осы уақытқа дейін өзектілігін жойған жоқ, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Әлішер Науаидың тарихта талантты мемлекет қайраткері, ғылым мен өнердің қолдаушысы ретінде қалғанын атап өтті. Сонымен қатар ол өзінің зор абырой-беделін білім мен мәдениетті насихаттауға жұмсап, көптеген медреселер мен кітапханалардың салынуына ұйытқы болғанын айтты.

Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, бұл ескерткіш түбі бір түркі жұртының ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан бауырластығын сипаттайтынын, осы сабақтастықты сақтап, нығайта түсу баршамызға ортақ міндет екенін атап өтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу