Компанияның құрылтайшысы Иван Сауэр Мемлекет басшысына өсімдіктерді зиянкестерден қорғайтын заттар, пестицидтер, калий тұзы және құрамында глифосаты бар препараттар шығаратын өндіріс желісі мен заманауи құрал-жабдықтарды көрсетті.
Зауыт әлемдік стандарттарға сай және экологиялық, өндірістік, санитарлық қауіпсіздіктің барлық нормасы мен талабын ескере отырып салынған.
Былтыр кәсіпорын сомасы 41 миллиард теңге болатын 7 мың тонна өсімдіктерді қорғайтын химиялық зат шығарған.
Сонымен қатар Степногорск қаласындағы компанияның аккредитациядан өткен халықаралық өндірістік-ғылыми зертханасы бар.
Кәсіпорынды аралап көру барысында Мемлекет басшысына Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалары жөнінде баяндады.
Президентке химия және өңдеу өнеркәсібі саласының, металлургияның, жеңіл және тамақ өнеркәсібінің жай-күйі жөнінде мәлімет берілді.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысында өндірілетін өнімдер көрмесін аралап көріп, ірі кәсіпорындардың басшыларымен өңір экономикасын одан әрі дамытудың өзекті мәселелерін және перспективаларын талқылады.