Тоқаев Республика күніне орай мемлекеттік наградалар мен мемлекеттік сыйлықтар тапсырды

738

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне орай елдің дамуына елеулі еңбек сіңірген бірқатар азаматты жоғары мемлекеттік наградалармен марапаттады.  

Тоқаев Республика күніне орай мемлекеттік наградалар мен мемлекеттік сыйлықтар тапсырды

Сондай-ақ руханият саласына зор үлес қосқан шығармашылық өкілдеріне Абай атындағы әдебиет және өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлықты тапсырды, деп жазады inbusiness.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Оның айтуынша, Республика күні басты ұлттық мереке ретінде, шын мәнінде, жалпыхалықтық мейрамға айналуға тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев "республика" сөзі латын тілінен аударғанда "ортақ іс" деген мағына беретінін атап өтіп, республика өз ісіне жауапты азаматтардың ортақ іс-әрекетінің арқасында құрылатынына тоқталды.

"Азаматтар – мемлекеттің арқауы. Азаматтары болмаса, мемлекет те болмайды. Қуатты және қарқынды даму жолына түскен мемлекет азаматтардың құқықтарына және олардың еркіндігіне мызғымас кепіл болады. Халқы жасампаз, отаншыл және еңбекқор ел ғана толағай табысқа жетері анық. Сондықтан біздің осы жолдағы бағдарымыз – баршаға айқын. "Адам мемлекет үшін емес, мемлекеттің игілігі адам үшін" қағидасы басты ұстанымға айналды", – деді ол.

Президенттің айтуынша, мемлекет құру тәжірибесі, тарих сыны мен заман талабы шынайы символдарды айқындап береді.

"Біздің паспорт бүкіл әлемде құрметтеледі, оған ешқандай кедергі жоқ. Қазақстан азаматтары шет мемлекеттердің визасын алып, шекараларды кесіп өтеді, қызметтік және жеке мақсатта шетелге еркін шығады. Бұл – біздің этносаралық толеранттылық пен достықты нығайту жөніндегі саясатымыздың, сондай-ақ халықаралық қауіпсіздік пен ынтымақтастықты қамтамасыз етуге бағытталған дәйекті бағдарымыздың нәтижесі", – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы жаңа стратегиялық бағдарымызды айқындау маңызды екенін айтып, соңғы жылдары түрлі салада түбегейлі реформалар қолға алынғанын жеткізді.

"Мақсатымыз – Әділетті Қазақстанды құру. Қазір біз осы күрделі жолдың басында тұрмыз. Мен үшін халықтың және мемлекеттің мүддесі бәрінен биік. Сол себепті мен осы стратегиялық бағытты еліміздің басты бағдары ретінде жарияладым. Бұл жолдағы барлық жауапкершілік жүгін арқалауға дайынмын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу